ТАУАРЛЫ-СҮТ ФЕРМАЛАРЫН ҚОЛДАУ

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры тауарлы-сүт фермаларды несиелеу бойынша жаңа бағдарлама ашты.

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның Директорлар кеңесі жаңа несиелеу ережелерін бекітті. Несие өнімдерінің қатарына “Тауарлы-сүт фермаларды құру және кеңейту” мен “Моноқалаларды дамытуды несиелеу” бағдарламалары қосылды. Өзгерістер – ережені қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіру қажеттілігі мен “Агробизнес – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру аясында АӨК субъектілерін қаржыландырудағы “ҚазАгро” холдингінің еншілес компаниялары жауапкершіліктерін бөлу мақсатында енгізілді.

“Тауарлы-сүт фермаларды құру және кеңейту” бағдарламасы “Агробизнес – 2020” мемлекеттік салалық бағдарламасының мастер-жоспарын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Жеке және заңды тұлғалар несиелерді ірі қара малдың 50-100 басына арналған тауарлы-сүт фермаларды құруға және кеңейтуге ала алады.

Қарыз-лизингтің ең көп мөлшері – 60 млн. теңгеге дейін. Сыйақы үстемесі, демеу қаржыландыруды есептегенде – жылдық 4 пайызды құрайды, тиімді сыйақы үстемесі 4,1 пайыздан аспайды. Демеу қаржыны есептемегенде, сыйақы үстемесінің мөлшері – 11 пайыз, тиімді үстеме – 11,7 пайыз. Қарыз-займның мерзімі – 84 айға дейін. Қайтару кестесі – ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта бір рет, жылына бір рет. Қайтарудың жеңілдетілген мерзімі бекітілген, ол негізгі борыш бойынша – 24 айдан, сыйақы бойынша – 12 айдан аспайды.

Сондай-ақ, лизинг бойынша ең төмен бастапқы жарна бекітілді, ол лизингке берілетін зат бағасының 15 пайызынан кем емес, бұл сома қаржылай лизинг туралы келісімшартқа қол қойғанға дейін төленеді.

Қарыз алушыға қойылатын талаптар тізімі бекітілді, онда айтылғандай, төлеу қабілеттілігі мен қаржылай тұрақтылық, салықтар, бюджеттік төлемдер, екінші деңгейлі банктер алдында, т.б. мерзімі өткен борыштардың болмауымен қатар, қарыз алушының мал ұстайтын инфрақұрылымы, мал азық базасы, сатып алынатын аналық мал басына меншіктегі аналық мал басының арасалмағы 1:5 мөлшерде болуы керек және де арнайы оқудан өту туралы сертификаттар немесе штаттық ветеринары болуы тиіс.

Сонымен бірге, жобаға да бірқатар талаптар қойылады. Сатып алынатын сүтті тұқымды малдың жасы 18-36 айдың арасында, шаруашылықтың 50-100 ІҚМ басын ұстайтын тауарлы-сүт минифермасы, резервтік энергоқамту көзі мен су сақтау резервуары, қоралар мен мал жайылатын жайылымдары болуы керек. Меншіктегі және сатып алынатын мал сәйкестендіруден өтіп, ветеринарлық мамандардың қарауында болуы тиіс. Табында міндетті түрде аналық мал басына арасалмағы 1:30 асылтұқымды бұқа (сүтті тұқымдас) болуы немесе қолдан ұрықтандыру қарастырылуы қажет. Сонымен қатар, сүт өңдейтін және құрал-жабдықтарды сататын ұйымдармен көздеген мақсаты туралы келісімшарттарының болуы міндетті.

Әлия ЕҢСЕБАЕВА,

“Ауыл шаруашылығын қаржылай

қолдау қоры” АҚ-ның қызметкері.

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.