МАЛҒА ДОСТЫҢ МҰҢЫ ЖОҚ

Мамлют ауданындағы “Стан” ЖШС егіншілікпен бірге екі жылдан бері мал шаруашылығымен де айналысып келеді.

Бүгінгі күні аталмыш серіктестік жергілікті сиырларды абердин-ангус бұқаларымен табын жағдайында будандастыру арқылы асылдандыруды мақсат етіп отыр. Бұл күні мал фермасында 130-дай ірі қара бапталуда. Ол үшін өткен жылы екі мал қорасы, олардың жанына шашпа салынған болатын. Биыл тағы бір қораның құрылысы жүргізіліп жатыр.

– Мен мал фермасы құрылғаннан бері бақташы болып еңбек етіп келемін. Төрт бақташымыз. Малды өз атымызбен баққандықтан, ай сайынғы еңбекақымызға қосымша ақы төленеді. Таза ауада, мынандай кең жайлауда еңбек еткенге не жетсін?! – дейді Ауған соғысында интернационалдық борышын өтеп келгеннен бері туған ауылының “отымен кіріп, күлімен шығып жүрген” Владимир Шумкин.

Серіктестік директоры Қанат Бекенов агроқұрылымды алға бастыруда жергілікті тұрғындардың көмегіне арқа сүйейтіндігін баса айтады.

– Өз ісін адал атқаратын жандардың болғаны қандай жақсы! Біз ондай еңбеккерлерімізді құрметтейміз, қосалқы шаруашылығын дамытуына қолдан келген жағдайдың барлығын жасаймыз. Ауған соғысының ардагері Владимир Александрович агроқұрылымның репродуктор шаруашылық құруына малсақтығымен мол үлес қосып келеді. Абай атамыздың: “Малға достың мұңы жоқ малдан басқа” дегені осындай азаматтарға айтылған сияқты, – дейді Қанат Жаңабайұлы.

Нұрсайын ШӘРІП,

  “Солтүстік Қазақстан”.

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.