Сіз мындасыз: Home САЯСАТ ТӘРТІПТІК КЕҢЕСКЕ ТАЛАП КҮШТІ

ТӘРТІПТІК КЕҢЕСКЕ ТАЛАП КҮШТІ

“Облыстық Тәртіптік кеңес өңкей ығай мен сығайлардан құралған. Олар қала, аудан басшылары секілді жауапты тұлғалардың мәселесін

талқылаудың орнына көбіне алыстағы арып-ашып жүрген ауыл әкімдерін шақырып, төпелеп жатады”, – деген реніш аз айтылмайды. Осы сөздердің анық-қанығын айыру мақсатымен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің басшысы – Тәртіптік кеңес төрағасы Мұрат Қадырбекпен сұхбаттасқан едік.

– Мұрат Болатұлы, Сізге жолығар алдында Тәртіптік кеңес мүшелерінің тізімімен танысып шықтым. Билік басындағы шенеуніктердің үлесі басым екен. 9 мүшенің 3-еуі ғана БАҚ, саяси және қоғамдық ұйымдар өкілдері көрінеді.

– Біз Тәртіптік кеңес құрамын белгілегенде бірізділенген ереже-қағидаттарды басшылыққа аламыз. Президенттің 2005 жылғы 30 маусымдағы №1598 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы Тәртіптік кеңестері туралы ережеге сәйкес Тәртіптік кеңес мемлекеттiк қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшiлерiнiң Ар-намыс кодексiн сақтауы мәселелерiн қарайтын алқалы орган болып табылады және оның құрамында құқық қорғау органдарының басшылары, аумақтық, жергілікті мемлекеттік орындардың жетекшілері, жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мүше бола алады. Тәртіптік кеңес төрағасының ұсынысымен оның дербес құрамын Агенттік басшысы бекітеді.

– Тәртіптік кеңес құрамын екі мүшемен толықтырмақ екенсіздер? Бірі – облыстық Сыбайлас және экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы, оған келісейік. Екіншісі – облыс әкімінің орынбасары. Осы жері түсініксіздеу. Соңғысының орнына білікті де тәжірибелі заңгерді алуға болмас па еді?

– Бұл жерде қабылданатын кез келген шешімнің мұқият саралаудан өтіп, қарапайым көпшілік дауыспен ашық қабылданатынын ескерген жөн. Дауыс беру кезінде ешкімнің де қалыс қалу құқығы жоқ. Мемлекеттік қызметшінің әрекетінде құқық бұзушылықтың бар-жоқтығына нақты баға беріледі. Қылмыстық сипат анықталса, тиісті заң органдарына жіберіледі. Осы үш шешімнің біреуі ғана қабылданады. Биыл ақпанда Агенттік төрағасының бұйрығымен Тәртіптік кеңестердің жұмыс регламенті бекітіліп, отырыстардың дайындалу, өткізу тәртібі, мәселелерді енгізу, қарау, сондай-ақ, дауыс беру, басқа да ресімдеу және ұйымдастыру шаралары жетілдіріліп, барынша ашықтықпен, жариялылықпен өткізуге баса мән берілді. Оның үстіне отырыстарға жергілікті БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері жүйелі қатысатындықтан, ешқандай да бұра тартушылыққа жол берілмейтініне кәміл сенімдімін. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамамен Тәртіптік кеңес мүшелерінің білім талаптары белгіленбеген. Ал, облыс әкімі орынбасарының Тәртіптік кеңестің құрамына енгізілуінің орындылығы, кеңестің отырысында қаралатын тәртіп бұзушылықтардың көпшілігі жергілікті атқарушы органдар тарапынан, оның ішінде құрылыс саласындағы тәртіп бұзушылықтардың жиілігіне байланысты, оның құрылыс саласындағы тәжірибесі мен біліктілігі және жеке тұлғасын сипаттайтын қасиеттері қоса ескеріле отырып, Агенттікке Тәртіптік кеңес мүшесі ретінде енгізу туралы ұсыныс жолданғанын айтқым келеді.

– Бұлай дейтінім, биліктегі адамның, қанша айтқанмен, былық-шылықтарды жасырып-жабуға бүйрегі бұрып кетпей ме деген қауіп жоқ емес. Осыған дейін Тәртіптік кеңес құрамында болып келген облыс әкімінің бұрынғы орынбасары жекелеген тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұзушылық әрекеттері бұлтартпастай дәлелдене тұрса да, жауапкершіліктен арашалап қалуға бейілдігі байқалып жүрді. Мәселен, ол өзіне тікелей бағынышты аудандық, қалалық құрылыс бөлімдерінің жетекшілерін қызметінен босату түрінде тәртіптік жаза белгілеуге үнемі жалғыз өзі қарсы шығып отырды. Оның ақыры кейін насырға шапқан жоқ па? Ұйымдасқан жемқорлыққа қатыстылығы бар деген күдікпен қызметінен босатылып, үстінен қылмыстық іс қозғалғаны мәлім.

– Бұл мәселе бойынша айтатыным, Тәртіптік кеңесте талқыланған мәселелердің теріс шешілуіне жалғыз-жарым адам еш ықпал жасай алмайды. Біздің басты міндетіміз – сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызумен көзге түскен немесе Ар-намыс кодексінің талаптарын бұзған мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік істерін қарап, жазаға тарту, кемшіліктердің қайталануына жол бермеу. Сонымен қатар, Тәртіптік кеңес мүшелері құқық қорғау органдарының (ішкі істер, қаржы полициясы, құқықтық статистика) және қадағалау органдарының (Салық департаменті, Тексеру комиссиясы, Қаржылық бақылау инспекциясы) қызметкерлерінен тұратыны және олардың қызмет бағыттары өздеріңізге белгілі, сол себепті тәртіптік істерді қарағанда біржақты жазалаушы шара қабылданбауына көңіл бөлінеді және шешімдер мүшелердің көпшілік дауысымен қабылданады.

– Атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсеңіз?

– Жыл басынан бері Тәртіптік кеңестің 9 отырысы өткізіліп, 26 тәртіптік іс қаралды. Олардың ішінде 17 тәртіптік іс бойынша тәртіптік жаза қолданылды, 5 тәртіптік іс қысқартылды (дәл осы әрекеті үшін тәртіптік жазасының бар болуына, тәртіптік жаза қолдану мерзімдерінің өтіп кетуіне байланысты), 3 тәртіптік іс тоқтатылды (мемлекеттік қызметшінің еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты), 1 тәртіптік іс қаржы полициясына тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды. Тәртіптік кеңес “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” ҚР Заңына сәйкес 14 тұлғаны жазаға тартуды, оның ішінде 5 адамды қызметінен босату, 9 адамға қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ескерту жариялауды ұсынды.

ҚР Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексін бұзғаны үшін 3 тұлғаға тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

Атап айтар болсақ, жауапқа тартылғандардың 80 пайызы мемлекеттік органдардың және ұйымдардың басшылары болып табылады.

Сонымен қатар, өткен жылдың маусым айында департамент жанынан мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша жеке тұлғалармен, коммерциялық емес ұйымдармен әрекеттесу және ынтымақтастық бойынша Қоғамдық кеңес құрылды, оның құрамы департамент, облыс әкімі аппараты, ҮЕҰ, депутаттар, ХҚКО және БАҚ өкілдерінен тұрады.

Осы кеңестің 4 отырысы өткізіліп, 16 мәселе қаралды, 13 мемлекеттік орган басшылары мен өзге лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселесі бойынша тыңдалды. Кеңестің ұсынысы бойынша 9 тұлға мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында жіберілген кемшіліктері үшін тиісті жауапкершілікке тартылды.

– Байқап отырмын, жазаға іліккендердің көпшілігі ауыл әкімдері мен аудандық бөлімдер жетекшілері, мектептер мен балабақша директорлары... Мұны қалай түсіндірер едіңіз?

– Иә, бұл санаттағылардың басым екені рас. Десек те, бұлай біржақты қорытынды жасауға болмайды деп есептеймін. Былтыр өзінің қызметінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол берген 23 мемлекеттік қызметші мен өзге де оларға теңестірілген тұлғаларға шара қолданылған, олардың көпшілігі әкімшілік мемлекеттік қызметшілер, соның ішінде салық, ішкі істер органдарының қызметкерлері де бар. Мысалы, биыл Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Е. Махатовқа қатысты тәртіптік іс қаралып, оны қызметінен босатуға ұсыныс беруге тура келді. Ол өткізілген мемлекеттік сатып алу бойынша жеке тұлғаға заңсыз артықшылық көрсеткен. Мемлекеттік мекемеге сатып алынатын автокөлік үшін ақшалай қаражатты өнім берушіге негізсіз аударған. Петропавл қалалық Салық басқармасының бас маманы Ж. Нұрғалиев те қызметімен қош айтысты. Ол жеке тұлғаның жер салығына қосылған 170 мың теңге айыппұлдан құтылуы үшін өз көмегін ұсынып, жеке көлігінің жөндеу жұмыстары үшін 30 мың теңге сұраған. Сол сияқты Айыртау ауданы әкімінің орынбасары А. Махметов те өзінің құзыретіне кіретін мәселе бойынша дұрыс шешім қабылдамағаны үшін тиісті жазасын алды. Айта берсе, мұндай мысалдар көп.

– Ал, “суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін” аудан әкімдері жауапкершілікке тартылды ма?

– Былтырғы жылы заңға өзгерістер енгізілгені өздеріңізге белгілі, осыған орай аудан әкімдері “А” корпусына енгізіліп, олардың жауапкершілігін қарау Ұлттық комиссияның құзыретіне берілді. Бірақ жылдың аяғында олардың жауапкершілігін қарау бізге қайтарылды. Өзгерістерге дейін Жамбыл ауданы және Қызылжар аудандары әкімдерінің жауапкершілігі қаралып, Тәртіптік кеңес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жаза ұсынып, Қызылжар ауданы әкімі В.Г.Редин қызметінен босатылған.

Жұртшылық арасында бір мекемеде заңсыздық орын алса, басшы сөзсіз жазаға тартылу тиіс деген ұшқары пікір қалыптасқан. Әрине, бірінші басшының жауапкершілігі қашанда жоғары. Әйтсе де, салаға тікелей жауапты орынбасар, бөлім басшысы, тиісті маман қайда қараған деген заңды сауал туады. Біз мәселе қаралған кезде жауапты тұлғалардың қатысуын әр кез қадағалап отырамыз.

Сондай-ақ, сөз арасында түскен арыз-шағымдар мен басылымдарда жарық көрген сын материалдар негізінде мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекетіне зерттеу жүргізу, баға беру дәстүрін орнықтырғанымызды айта кеткен жөн. Бұл мәселемен арнайы маман айналысып, басылымдарды жүйелі қадағалап отырады. Мәселен, Аққайың ауданының бұрынғы әкімі Р. Елубаевты (қазір облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы – Ө.Е.) кәсіпкердің 8 мың гектар егістік жерін тартып алды, өзгенің атына рәсімдеді, шын мәнінде өзі иелік етеді деген журналистік айыптау бізді бейжай қалдырмады. Осыған орай кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды ма деген күмәнді сейілту үшін Қаржы полициясына хат жолдап, қызметтік тексеріс жүргізуін өтіндік. Меніңше, кез келген шенеунік мемлекеттік қызметші деген мәртебелі атқа кір келтірмеуі, соңынан сөз ерітпеуі керек.

– Мүйізі қарағайдай ведомство басшыларына тістеріңіз бата бермейтін шығар?

– Неге? Біздің ұстанымымыз анық – заңдылықты бұрмалағандарға еш аяушылық, жалпақшешейлік жасамау. Халыққа қызметтің үлкен-кішісі болмайды. Тұрғындарға қызмет көрсету саласында азаматтардың берген өтініштерін қарау тәртібін бұзу фактілері жиілеп кеткендіктен, бірқатар мемлекеттік органдардың, соның ішінде Денсаулық сақтау басқармасының, Әділет департаментінің, Халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық және қалалық органдардың басшыларын департамент жанындағы жеке тұлғалармен, коммерциялық емес ұйымдармен мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі Қоғамдық кеңесте тыңдауға тура келді. Қоғамдық кеңес мүшелері салаға жауапты басшыларға қызметтердің сапасын арттыруда пәрменді шара қолдануды ұсынуды жөн деп тапты. Одан басқа, оған дейін Әділет департаментінің бірқатар лауазымды тұлғалары Тәртіптік кеңесте қаралып, оларға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жариялау ұсынылған болатын.

– Айтпақшы, Ернар Сейдімбек Тәртіптік кеңестің белсенді мүшелерінің бірі еді. Оның құрамынан кетуіне қалалық тұрғын үй комиссиясының әрекетінде сыбайлас жемқорлық жоқ деген пікірі себеп болды ма?

– Олай деп кесіп айтуға болмас. Тәртіптік кеңес құрамындағы өзгерістерді кадрлық алмастырулармен байланыстырған жөн. Иә, бұл жайдың кезінде, “Егемен Қазақстан” газетінде “Жемқорлық жоқ дегенге кім сенеді?” деген мақала жарияланып, үлкен дүмпу туғызған болатын (31 қазан 2013 жыл). Прокурордың ұсынысында көрсетілген Петропавл қаласының тұрғын үй комиссиясы мүшелерінің қызметінде жіберілген кемшіліктері жөніндегі деректерді талқылау барысында пікірлер екіге жарылып, басым көпшілік дауыспен мемлекеттік қызметшілерді айыптау негізсіз деп шешілген. Қалай десек те, азшылықтың көпшілікке бағынуы демократиялық үрдіске жатады.

– Тәртіптік кеңестің соңғы отырысында аумақтық ведомство басшылығына шара қолданған көрінесіздер?

– Облыстық Кедендік бақылау департаментіне қатысты айтып отырған боларсыз?

– Иә.

– Кедендік бақылау комитетінің және қаржы полициясының ұсынған материалдары негізінде департамент басшысы Ә. Қартовқа және сол мекеменің бірқатар қызметкерлеріне қатысты тәртіптік істер қаралғаны рас. Талқылау барысында мәлім болғанындай, департамент бастығының орынбасары Т. Балғымбаев жұмыс орнында болмаса да, 8 сағаттық еңбек табелі толтырылып, жалақысы төленген. Қарау қорытындысы бойынша Ә. Қартов пен кадрлар бөлімінің басшысы Т. Шлапакқа сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол берді деген кінә тағылып, олардың өз қызметтеріне толық сай еместігі туралы ескерту жариялау ұсынылды.

Сондай-ақ, қаралған материалдар бойынша Кедендік бақылау департаментінің аталған қызметкерлері басқа да бұзушылық жасағаны белгілі болды.

– Сіздермен соттасып жатқан қай балабақшаның меңгерушісі? Жүрегі түкті екен өзінің...

– Дәлірегі – бізді емес, Петропавл қалалық Білім бөлімін сотқа берген болар. Әңгіменің анығы былай. Қалалық прокуратура “Айгөлек” балабақшасын тексеру кезінде оның директоры А. Сақыпкерееваның тарапынан өзі мен қызметкерлерге заңсыз жалақы төлеу, еңбек табельдеріне қосып жазу секілді бұрмалаушылықтарды тапқан. Оның қорытындысы мәжілісте жан-жақты талқыланып, директорды қызметінен босату жөніндегі ұсыныс қалалық Білім бөліміне жолданған. Енді мына “қызықты” қараңыз. Петропавл қалалық Білім бөлімінің басшысы Г. Кәрімова “А.Сақыпкереева сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін жауапкершілікке тартылды. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілді”, – деген мазмұнда жауап жіберіпті. Білім бөлімінің бұл шешімімен келіспеген А.Сақыпкереева сотқа жүгінген, бірақ кейін арызын қайтарып алған. Бүгінде А. Сақыпкереева қызметімен қош айтысты. Енді Г. Кәрімоваға қатысты мәселе арнайы талқыланып, оған принципті баға берілетін болады. Өйткені, оның Тәртіптік кеңестің шешімін неліктен көпекөрінеу бұрмалағандығын түсіну қиын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

 

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.