Сіз мындасыз: Home Саясат ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ КАРТАСЫНА он бір жоба енгізілді

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ КАРТАСЫНА он бір жоба енгізілді

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен облыстың үдемелі индустриялық дамуы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Онда Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығына енгізуге ұсынылған жобалар қаралды.

– Бірінші бесжылдық тиімді нәтиже берді. Индустрияландыру картасына 38 миллиард теңгені құрайтын, 1900 жұмыс орнын ашуға бағытталған 31 жоба енгізілді. Оның 28-і іске асып, мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Жұмысы тоқтап тұрғандары жоқ. Қазіргі таңда картаның екінші бесжылдығына жобаларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бесжылдықтың екінші кезеңінде Индустрияландыру картасы өзгереді. Кірісі жоғары, қосылған құны мен терең қайта өңделген шикізаты бар, экспортқа бағдарланған жобалар енгізіледі. Өңірлік деңгейде кәсіпкерлікті дамыту картасы болады, – деді облыс басшысы Ерік Сұлтанов.

Қазіргі таңда 100-ге жуық жоба ұсынылған. Үйлестіру кеңесінде 11,8 миллиард теңгені қамтыған 11 жоба қаралды. Облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Ысқақовтың айтуынша, бұл жобалар іске қосылған жағдайда қосымша 899 жұмыс орны ашылмақ. Мәселен, облыс орталығында орналасқан “Алаугаз СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 3,6 миллион кірпіш өндіруді көздеп отыр. Осы мақсатта керамикалық кірпішті үдемелі технологиялармен жасайтын зауыт салынбақ. Соның нәтижесінде 60 адамға жұмыс орны ашылып, облыстағы және өзге өңірлердегі құрылыс компанияларының кірпішке деген сұранысы толық қанағаттандырылады деп күтілуде. Жоба келесі жылы іске қосылмақ.

2015 жылы жобаларын іске қосуға ниетті кәсіпорындардың ішінде “Eurazia Group Kazakhstan” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар. Олар John Deere брендті сервистік орталығын салуды көздеп отыр. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өңірлік менеджері Сергей Колмаковтың айтуына қарағанда, аталмыш орталық Бескөл ауылында тұрғызылатын болса да, шаруа қожалықтары орналасқан елді мекендерге барып, шетелдік маркалы ауыл шаруашылық техникаларын жөндейтін мүмкіндігі бар. Жылына 160 техниканы жөндеу мақсаты қойылған. Бұл орталықта 48 адам қызмет етеді деп жоспарлануда. Өңіріміздің шаруа қожалықтары John Deere маркалы шетелдік техниканы 1997 жылдан бері қолданып келсе де, осы күнге дейін оларды күрделі жөндеумен айналысатын сервистік орталық бұрын-соңды болмаған екен.

Есіл ауданындағы “Әулие” алтын-кен орнын өнеркәсіптік өңдеу жобасы да Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығына енгізілді. Жобаны ұсынған – “Әулие Голд Майнинг” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жылына 370 килограмм алтынның ДОРЕ қоспасын өндірмек. 250 жұмыс орны ашылып, онда елді мекендердегі тұрғындар қызмет етпек. Өнімін Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясына экспорттауды мақсат еткен Тайынша ауданындағы “Тиолайн” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасы да кеңесте мақұлданды. Олар Обуховкадағы титанды цирконий кен орнын игеріп, екінші кезектегі “Обухов ГОК” кен байыту комбинатын тұрғызбақшы. Мұнда 380 адам қызмет етпек.

Жиын барысында өңір басшысы кәсіпкерлерге тұрғындарды жұмыспен барынша қамтамасыз етіп, жобаларды белгіленген мерзімінде іске қосуды тапсырды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.