КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙТІН МӘСЕЛЕЛЕР

Печать

 

argaiv1293

Кеше облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды. Оған Петропавл қаласының әкімі, ведомстволар мен ұйымдардың басшылары қатысты.

Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің қысқы жылыту маусымына дайындығы жоспарға сай жүзеге асып жатқанын айтқан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Тасмұрат Қатқадамов биыл бұл мақсатқа 13 637 млн. теңге бөлінгенін атап көрсетті.

“СевКазЭнерго” акционерлік қоғамы 2017-2018 жылу беру маусымына дайындықты ойдағыдай жүргізуде. Жыл басынан бері Петропавл №2 жылу-электр орталығының тоғыз қазандық агрегаты мен бес турбоагрегаты жөндеуден өтіп, №12 қазандық агрегаты мен №5 турбоагрегаты жаңартылды. Басқарма басшысы бір айлық көмір қоры жинақталғанын да айтты. Кәсіпорында қажетті отынның жеткілікті қоры жасалуда. Бүгіндері серіктестіктің отын қоймасында 126,6 мың тоннаға жуық көмір мен 211 тонна мазут бар. Қазір оларды тасымалдау жұмыстары жалғасуда. Ал бюджеттік ұйымдар өздеріне қажетті 173,8 мың тонна көмірдің 163,5 мың тоннасын немесе 94 пайызын жеткізіп алған. Қалғаны қыркүйектің 15-іне дейін тасымалданып бітуі тиіс. Бүгіндері жоспарлы 12,6 шақырым жылу жүйесінің 10,8 шақырымына қатысты барлық жөндеу жұмыстары аяқталған. Енді олар сынақтан өткізілуде.

Десе де, жауапты маусымға дайындық ойдағыдай жүргізілуде деуге әлі ерте сияқты. Тасмұрат Оқанұлының айтуынша, әлеуметтік нысандардағы 509 қазандықтың 455-і ғана жылыту маусымына дайын. Облыс орталығындағы жылыту маусымына дайындық барысы да көңіл көншітпейді. Петропавлдағы 1050 көпқабатты тұрғын үйдің 424-сінің жылу жүйесі шайылып, қысым арқылы тексерілген. Яғни, жоспар тек 40 пайызға ғана орындалған.

Көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйесін шаю жұмысын жеделдету қажеттігін қадап айтқан өңір басшысы Құмар Ақсақалов қала әкімі Марат Тасмағанбетовке дайындықты ширата түсу қажеттігін ескертті.

– Әлеуметтік сала нысандарын жылыту маусымына тиянақты әзірлеу қажет. Көпқабатты тұрғын үйлердің жылы және жайлы болуы үшін қала мен аудан әкімдері қысыммен тексеру және шаю жұмыстарын қатаң бақылауға алулары керек. Бұл жұмыс асқан жауапкершілік пен тиянақтылықты қажет етеді. Сондықтан осы мәселені жеделдетіп, бақылауға алуды тапсырамын, – деді Құмар Іргебайұлы.

Бюджеттік нысандардан жылу қазандықтарын шығару жұмыстарында да кемшін тұстар жетерлік. Үстіміздегі жылдың басында Қарағанды облысының Шахан қаласында орын алған қайғылы оқиғадан кейін бюджеттік нысандардан жылу қазандықтарын сыртқа шығару жөнінде тапсырма берілген болатын. Содан бері тоғыз ай өткенімен, облыс аумағындағы 60 қазандықтың тек 8-і сыртқа шығарылған. Алтауы әлі шығарылу үстінде. Қалған 46 қазандықтың 26-сы “САПРОНАТ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сеніп тапсырылса, басқа қазандықтардың қашан шығарылатыны белгісіз.

Осы орайда, атқарылып жатқан жұмыстың баяулығын сынға алған өңір басшысы қала мен аудан әкімдеріне, басқа да жауапты басшыларға жылыту маусымына әлеуметтік сала нысандарын дайындауды, сонымен бірге көпқабатты тұрғын үйлердің жылыту жүйелерін тексеру жұмыстарын қатаң бақылауға алуды міндеттеді.

Сондай-ақ, әкімдік отырысының күн тәртібінде облысымызда қолға алынған құрылыс нысандарының сапасы, тиісті басшыларға берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.