Бүлдіршіндер қуанышқа бөленді

Печать

 

argaiv1682

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Петропавл қаласында 90 бүлдіршінге арналған “Нұр бала” балабақшасы пайдалануға берілді.

Балабақшаның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов жиналғандарды мерекемен құттықтай келіп:

– Өңірімізде білім саласында өз шешімін тауып келе жатқан мәселелердің бірі – балабақшаның қолжетімділігі. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге белсенді түрде инвестиция құя бастаған жергілікті бизнес өкілдерінің арқасында Петропавлда мектепке дейінгі тәрбие беретін жиырмаға жуық нысан пайдалануға берілді. Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға дейін 3-6 жас аралығындағы балғындарды толығымен балабақшамен қамту тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Заманауи талаптарға сай балабақша есігінің бүлдіршіндерге айқара ашылуы барлығымыз үшін үлкен қуаныш. Жыл соңына дейін бұл мәселе толығымен шешімін табатын болады. Елбасының алға қойған міндетін жүзеге асыруда мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің үлесі зор екені сөзсіз, – деді.

“Юбилейный” шағынауданында бой көтерген әлеуметтік нысанның құрылысын “Егоровские склады” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, 320 млн. теңгеден астам өз қаражатын жұмсаған. Он жылдан кейін бұл балабақша толық мемлекеттің қарамағына өтетін болады. Сондай-ақ, кәсіпкер жылдың соңына дейін “Орман” шағынауданында 140 орындық тағы бір балабақшаны пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Шара барысында сөз алған мердігер компанияның басшысы Гарик Бернецян Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бизнестің дамуына қолдау көрсетіп отырғанына тоқталып, әріптестерін бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен қамтуды көздеген “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырды.

Ата-аналар мереке қарсаңында ашылған балабақшада тәлім-тәрбие алатын бүлдіршіндердің еліміздің лайықты азаматтары болып қалыптасуына тілектестіктерін білдірді.

Салтанатты шарадан соң облыс әкімі мен жиналған қауым балабақшаның ішін аралады. Балабақша – қажетті бөлмелермен, құрал-жабдықтармен жабдықталған. Балдырғандардың ойын мен жатын бөлмелері, асхана, бөбектердің ән шырқап, би билеуіне арналған музыка залы, саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін спорт залы, ойын алаңшалары бар. Бөбектердің жатын бөлмелерінен бөлек сабақтар мен тәрбие сағаттары өтетін арнайы сыныптар қарастырылған.

Жекеменшік білім беру мекемесінің меңгерушісі Светлана Старцеваның айтуынша, балабақшада отыздан астам адам еңбек ететін болса, олдардың 15-інің арнайы білімі бар. Төрт топта тәрбиеленетін балақайлармен психолог, логопед мамандар жұмыс істемек. Сондай-ақ, хореография және ағылшын тілі үйірмелері жүргізіледі.

Содан кейін өңір басшысы “Береке” шағынауданында “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген бесқабатты тұрғын үйге ат басын тіреп, баспананың сапасына назар аударды.

100 пәтерлік баспананы “Зерттеу СҚО” серіктестігі тұрғызған. Қоныстой иелерінің дені қала әкімдігінде пәтер кезегінде тұрғандар мен “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның салымшылары болып табылады. Құрылыс компаниясының директоры Дмитрий Женченко өткен жылдың күзінде басталған нысанның құрылысы биылғы мамыр айында аяқталып, пайдалануға берілгенін хабарлады. Жобаның құны – 652 млн. теңге.

– Тұрғын үйдің құрылысын мерзімінде аяқтадық, сапасы да жоғары. Бұл Петропавлда салған екінші тұрғын үйіміз. Екі-үш бөлмелі пәтерлер стандартты түрде жобаланған. Ең үлкен пәтердің аумағы – 64 текше метрді құрайды, – деді Дмитрий Анатольевич.

Қалалық құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта Петропавлда “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында 16 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.