ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ ҚАЙНАРЫ

Печать

 

argaiv1797

Биыл еліміздің Негізгі Заңы – Конституциямыздың қабылданғанына 22 жыл толып отыр. Өңір тұрғындары мемлекеттік мерекені ерекше салтанатпен атап өтті.

Мереке қарсаңында жұртшылық өкілдері Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына жиналды. Оларды атаулы күнмен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.

– Егемен еліміздің Конституциясының қабылдануы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі болып табылады. Ата Заңымыз мемлекеттік егемендігімізді, билік пен қоғам құрылымының демократиялық принциптерін нығайтып қана қоймай, еліміздің одан әрі дамуының бағытын айқындап берді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан жерінде өмір сүріп жатқан барлық азаматтардың теңдігі – Отанымыздың дамуы мен гүлденуінің басты қайнары”, – деп атап көрсетті. Халқымыздың ынтымақтастығы мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуына жол ашып, рухани келісім, саяси тұрақтылық және бейбіт өмірді қамтамасыз етуде. Ата Заңымыз Мемлекет басшысының “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясы мақсатының іске асуының берік негізі болып табылады. Егемен еліміздің әр азаматының бас бостандығын қорғайтын маңызды құжатты құрметтеп, бұлжытпай орындау – әрбір қазақстандықтың басты міндеті, – деген Құмар Іргебайұлы өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ азаматқа Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыстады. Бұдан соң жиналғандар назарына облысымыздың өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы ұсынылды.

30 тамыз күні орталық алаңға жиналған қауым Ата Заң күнін тойлауды мерекелік концертті тамашалаудан бастады. Жергілікті қыз-жігіттердің мың бұралған билері көздің жауын алса, әншілердің көмейінен төгілген ән Қызылжар аспанында қалықтады. Одан әрі шараны түрі басқа болса да, тілегі бір, тілі басқа болса да, жүрегі бір этномәдени бірлестік өкілдері жалғастырды. “Салт-дәстүр” облыстық фестивалін ұйымдастырған олар елдегі тыныштық пен өзара келісімнің маңыздылығын көрсетуді мақсат етті. Жыл сайын өтетін фестивальға биыл да аудандар тұрғындары белсене қатысып, көпшілік назарына өңірімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі этностардың мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттайтын көріністерді ұсынды. Қазақтың тұсаукесер, беташар және өзге де ұлттардың салтына байланысты көріністер сахналанды. Мәселен, аққайыңдық әжелер тұсауы кесілген бүлдіршінге бата берді. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов этносаралық келісімді нығайтуда әрбір бірлестіктің еңбегі зор екенін атап өтті.

Фестиваль аясында сәндік-қолданбалы қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Шеберлер қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұлттық киімдер мен аспаптарды, әшекей бұйымдарды, қыш ыдыстарды ұсынды. Солардың бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Әлия Белденова. Ұлттық нақышта қуыршақтар жасайтын шебер бала күнінен-ақ сурет салып , қуыршақтарына киім тігіп, қабілетін дамытқан. Бүгінде оның коллекциясында ертегі кейіпкері Алдар көсе бастаған қуыршақтар өте көп. Ал Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны Мейрам Рыспаев саятшылық құрумен қатар арқан, қамшы өреді екен. Соңғы жылдары бұл азамат қазақтың ұлттық ойыны – ләңгіні дәріптеп жүр.

Бұл күні “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің қызметкерлері де көрме ұйымдастырды. Қазақстан Контитуциясы көшесінің бойымен әрлі-берлі жүрген жұртшылыққа бұрынғы заңдар жинағы мен Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері көрсетілді. Ал Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы қызметкерлері ұйымдастырған “Біз оқимыз – қала оқиды” атты шараға балғындар зор қызығушылықпен қатысты. Шахмат, дойбы ойнап, жеңіске жеткендерге және ел тарихына қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап берген балаларға кітаптар тарту етілді.

Жастар жағы түс ауа Жеңіс саябағына жиналды. Бұл жерде “Петрофест” көше субмәдениеті фестивалі өтті. Оған қатысушылардың басым көпшілігі – спорттың “ВМХ”, “Воркаут” және бидің “Рэп”, “Брейк-дэнс” сияқты түрлерін жақсы меңгергендер. Мәселен, “Electrobeatz” би тобының жігіттері облыс орталығында көше субмәдениетін белсенді дамытып жүрген жастардың алдыңғы қатарында. Олар күнде кешкісін Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында серуендеп жүрген тұрғындар үшін “брейкдэнс” билейді. Фестиваль күні жиналғандарға мұндай топтардың 11-і өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ, көпшілікті рэперлердің бүгінгі күнгі өзекті мәселелерді қозғаған туындылары елең еткізбей қоймады. Ал суретші жастар граффити өнерімен жұртты тамсандырды. Олар суретті шетел жастары секілді үй қабырғаларына салмайды. Өйткені, елімізде рұқсатсыз граффити “вандализм” саналады. Сол себепті, фестивальға қатысушы Станислав Алерт өзінің қиялындағысын тек тақтайшаларға ғана түсіріп жүргендігін айтты.

Фестиваль барысында “ВМХ” шеберлері велосипедпен өнер көрсетсе, воркаутшылар жұртшылықты көрмеде түрлі күрделі қимылдар жасау арқылы таңғалдырды. “Шараны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ұйымдастырып отырмыз. Мақсаты – көше биі мен спортына үйір жастардың басын қосу. Ешкімнің ақыл-кеңесінсіз өз беттерімен жаттығып жүрген қыз-жігіттерді анықтап, араларындағы үздіктерін республикалық фестивальдарға жібергіміз келеді”, – деді “Болашақ” корпоративтік қорының өңіріміздегі филиалы директорының орынбасары Азамат Шәймерденов.

Түстен кейін орталық алаңда ардагер боксшылар арасында “Ринг патшасы” ашық турнирі өтті. АИБА ережесі бойынша өткен бәсеке екі раундтан тұрды

– Жарыстың мақсаты – өңірімізде бокс спортын дамыту, өскелең ұрпақ арасында саламатты өмір салтын дәріптеу. Осыған дейін өткен турнирдің іріктеу кезеңіне өңіріміз бен Бішкек, Астана, Алматы, Қостанай қалаларынан 19 адам қатысқан болатын. Ал бүгінгі ақтық сында 7 жұп өнер көрсетті, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин.

Турнирге 35 жастан асқан боксшылар қатысып, олар 60, 70, 80, 90 килограмм және одан жоғары салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Бәсекеге спорт шеберлері мен халықаралық деңгейдегі боксшылар қатыстырылған жоқ. Спорттық шараны өңіріміздегі бокс федерациясы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.

90 килограмм салмақ дәрежесіндегі боксшылар – солтүстікқазақстандық Андрей Степура мен алматылық Карен Пашикянның арасындағы жекпе-жек тез аяқталды. Жерлесіміз бірінші раундта-ақ жеңіске жетті. Оған Карен Пашикянның жарақат алып қалуы себеп болды. Ал абсолютті салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген екі жерлесіміз Әділ Нұржауыпов пен Андрей Бейсембаевтың арасында өткен тайталаста алғашқысы басымдық танытып, “Ринг патшасы” атанды. Оған жеңімпаз белдігі мен 330 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлықты облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров табыстады.

Ата Заң күнін мерекелеу мұнымен аяқталған жоқ. Кешке таман жұртшылық ретро әндерді есту үшін Тәуелсіздік стеласы маңына қарай ағылды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.