Солтүстік Қазақстан газеті

ЖҮКТІ ӘЙЕЛ НЕНІ БІЛУГЕ ТИІС?

Печать PDF

Любовь БОДАРЕВА,  

argaiv1797

қалалық әйелдер консультациясының

акушер-гинеколог дәрігері.

 

Жүктіліктің алғашқы белгілері білінгеннен бастап әйел міндетті түрде әйелдер консультациясына қаралуы қажет. Оған жүктілік кезінде 6-8 рет барып, босанғаннан кейін 8-10 апта бойы байқалып тұруы ләзім. Жүктілік 40 аптаға созылады. Және оны шартты түрде 3 кезеңге – әрбір триместрді 13 аптаға бөліп қарайды. Екіқабат әйелдің әйелдер консультациясына уақтылы (12 аптадан кеш емес) қаралуы асқынудың алдын алуға септігін тигізеді. Екіқабат әйел емханаға алғашқы рет келгенде дәрігер дене салмағын, қан қысымын өлшеп, жүрек пен өкпені тыңдайды, қалқанша, сүт бездері мен акушерлік тексеріс жүргізеді. Дәрігерге екінші рет қаралу алғашқы тексерістерден 7-8 күн өткеннен кейін ұсынылады. Бұл кезде әйелдің денсаулығына байланысты терапевт, тіс дәрігері және өзге де мамандардан кеңес алу белгіленеді. Әрі қарай дәрігерге келу жүктіліктің өтуіне байланысты.

 

Босану алдындағы өте маңызды сараптама ультрадыбысты зерттеу болып есептеледі. Бірінші тексеру 10-12, екінші – 20-22, үшіншісі – 32-34 аптада жүргізіледі.

Әйелдер мен олардың жақындары екіқабат кезіндегі әйелдің денсаулығындағы шамадан тыс ауытқушылықтардың белгілерін біліп, сол уақытта қайда барып шұғыл, жәрдем алуы қажет екендігін білгені жөн.

Жүктілікке қауіп төндіретін факторлар:

– соңғы нәресте дүниеге келгеннен бері 2 жылдан аз уақыт өтсе;

– болашақ ана 18-ге толмаса немесе 35 жастан асқан болса;

– әйел мерзімінен бұрын ерте босанса немесе сәбиі 2 килограмнан кем я 4 кг.-нан жоғары болса;

– бұрын асқынған жағдайда босанса немесе баласын іштен жарып алған болса;

– бұрын түсік тастаса немесе нәрестесі өлі туған болса;

– әйелдің салмағы кем немесе мөлшерден артық болса;

– жүктілікке дейін әйелге гинекологиялық ота жасалған болса;

Екіқабат әйел немесе олардың туған-туыстарына “Жедел жәрдем” шақыруға я ауруды қабылдайтын бөлмеге хабарласуға қажет жағдайлар:

– қан қысымының жоғарылауы (бас ауруы, есінен тану);

– жүктілік кезінде салмақ қоспау немесе 6 кг.-нан артық қоспау;

– ұрықтың шамадан тыс қозғалуы немесе мүлдем қозғалмауы, сондай-ақ жүктіліктің 18-20 аптасында ұрықтың қимылсыз қалуы;

– қынаптан қан аралас сұйықтық бөліну немесе қан ағу;

– қынаптан сұйықтықтың тым көп бөлінуі;

– қайталанатын лоқсу мен құсу;

– гемоглобиннің төмендеуі, қуқылдану, тым шаршағыштық, бас айналу және демігу;

– аяқ, қол немесе беттің ісуі;

– іш ауруы немесе кіші дәретке отырғандағы сыздау белгілері;

– дене қызуының көтерілуі;

– дененің құрысуы.

Акушер-гинеколог дәрігер немесе акушер босандырғаны жөн. Медициналық қызметкерлердің босану кезіндегі көмегі ана мен нәрестенің ауруға шалдығу қаупін төмендетеді.

Босанатын мекемені таңдауда оны жақын адамыңызбен барып көргеніңіз жақсы. Онда заманауи емдеу технологиялары, жеке босану залдары бар ма, әйелге туған-туысқандарының келуі рұқсат етілген бе – соны білген маңызды. Туғаннан кейін 3-4 күнде ана мен бала міндетті түрде медициналық қызметкерлердің қадағалауында болуы тиіс. Босанғаннан кейін 8-10 апта өткен соң ана әйелдер консультациясына келіп, денсаулығының жағдайын бақылап отырғандығы жөн.

Балалар консультациясының дәрігерлері нәрестенің жағдайын 1 ай бойы қадағалап отырады. Анаға сәби күтімі және тамақтандыруы жөнінде ақыл-кеңес береді.

Барлық жүкті әйелдер толыққанды тамақтану мен сапалы ауызсуды пайдаланып, екіқабат кезінде дұрыс демалғаны жөн. Тағамдардан сүт, жеміс-жидек, көкөніс, ет, балық, жұмыртқа, ботқа жеуі қажет. Әйел егер темір мен А, В топтағы дәрумендері бар тағамдарды пайдаланса, өзін жақсы сезініп, денсаулығы да сыр бермейді. Бұл топтағы дәрумендерге ет, балық, жұмыртқа, көкөніс пен жеміс-жидек жатады.

Тәуліктік рацион 500 мл. сүт, ірімшік, сүзбеден тұруы тиіс. Өткір, тұзды және қақталған тағамдар, қуырылған май мен тәттіден бас тартқан дұрысырақ.

Тазартылған су мен йодталған тұзды пайдаланған абзал. Тағамында йоды аз мөлшерде болған әйелдің түсік тастау немесе кемтар нәрестені дүниеге әкелу қаупі бар.

8 сағат тыныш ұйқы жүкті әйелдің сергек әрі дені сау болуын қамтамасыз етеді. Темекі тарту, ішімдікке әуестенушілік, есірткі, дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қабылдау, улы заттар, экологиялық ластанған ауа, азық-түлік және су әйелге, ұрық пен балаға қауіпті. Болашақ ана қатал қарым-қатынасқа душар болған жағдайда өзі және іштегі баласы жаралануы мүмкін. Әйел болашақта ана атану бақытынан айрылуы ғажап емес. Отбасы мүшелері оны барлық қауіп-қатер мен зорлық-зомбылықтан қорғауы қажет.

Облыстық перинаталдық орталықта және қалалық әйелдер консультациясында жүкті әйелдерді босануға даярлайтын арнайы курстар жүргізіледі. Оған жүкті әйел жұбайымен бірге келуіне болады. Бұл курстарда болашақ аналарды босануға дайындайды. Акушер-гинеколог дәрігерлер, психологтер мен педиатрлар дәріс оқиды. Әрбір сабақ лекциялық, тақырыптық бейнебағдарламалар, арнайы гимнастика және психологиялық тренингтерден тұрады. Болашақ ата-аналар жүктіліктің әр кезеңі, денені босануға даярлау жөнінде толық мағлұмат ала алады. Толыққанды тамақтану, ағзаны тазалау, дене жаттығуларын қалай жасауды үйренеді. Біз жүктілік кезінде әйелдің өте сезімтал болатындығын жақсы білеміз. Тәжірибелік сабақтар әйелді табиғи және рухани жағынан нәрестенің дүниеге келуіне дайындайды. Қорытындылай келе барлық жүкті әйелдерге 9 ай сәтті өтіп, жеңіл босану, тәжірибелі медициналық қызметкерлердің кездесуін тілеймін.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау