Солтүстік Қазақстан газеті

ШЫНДЫҚ ІЗДЕП ШЫРЫЛДАП ЖҮРМІН ӘЛІ

Печать PDF

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тоқтар Зікіриннің есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс. Көп жылдар бойы өңіріміздегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінде қызмет атқарған ақынның жырлары туған жер, өмір туралы толғаныстарға толы. Оқыған адамның жанын тебірен­тіп, көкіректерге үміт сәулесін ұялататын шынайы жырлары жетерлік. Сан қырлы әлеуметтік-қоғамдық тіршіліктің құбылыстары ақын өлеңдерінде өзгеше өрнектеліп, өнеге аларлық, сабақ боларлық сарында жазылған. Газетіміздің бүгінгі санында ақынның бір топ жаңа өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

argaiv1582

 

Ауылым


Тербеді жанды жауының,

Дүлей табиғат дауылың.

Тоз-тоз болып тарадың,

Ауылым, қайран, ауылым!


Жанымның қылын қозғайды,

Атадан қалған мұра едің.

Ботадай бүгін боздайды,

Ауылсыз қалған жүрегім.


Байлайтын желі құлынды,

Көрмейсің қозы көгенді.

Балуан көлдің бұрынғы,

Думанды шуы жоқ енді.


Бәрі тұр тозып, ескіріп,

Не айта аламын жұрт жайлы.

Қоңырсып жатар кешкілік

Қидың да иісі де шықпайды.


Көште қалған кембағал,

Жетім-жесірлер түндігі.

Жасадың-ау елге обал,

Дейтін кім бар бұл күні.

 

Жетім көл


Айналмаса ақ сағым елеске елі,

Әупілдегі бір әуіп емес пе еді?

Тұрғындары бытырап тоз-тоз болған,

Жетім көлдің бетінде жел еспеді.

 

Мұңға батып жоғалар мүмкін көлім,

Таусылады менің де бір күн демім.

Кеудеме ұрып, жүгіріп шашайыншы,

Желге ұшпаған қоғаның үлпілдегін?!


Күн ұяға еңкейді аспандатпай,

Шетте жүріп, сезгем жоқ асқан бақты-ай.

Көлім жетім болған соң, мен де жетім,

Жалғыз қалған шерменде қасқалдақтай.


Алғашқы қар


Ақ қар жауды,

Биылғы алғашқы қар.

Жаңа із салып, жаңадан жол басталар.

Ақ қар жауды ақ үлпек үмітпенен,

Күз бен қыстың арасын жалғастырар.


Ақ қар жауды әлемді аққа орады,

Қандай ғажап осынау шақта бәрі!

Аппақ қысқа аман-сау жеткені үшін

Жүректерге жыр толып, бақ қонады.


Ақ қар жауды,

Жайғандай ақ парағын.

Ақ парағын тап-таза сақта, жаным.

Аппақ қыста ақ сезім тұрды кешіп,

Жүректегі жырымды ақтарамын.



Жүректің

соңғы дүрсілі


Келсем де қанша жасарғым,

Барады-ау өтіп асыл күн...

Тырсылы сағат ғасырдың,

Тұрғанмен соғып кеудемде,

Тоздырған әбден масыл мұң,

Тозаң ойлардан шашылдым...


Қондырмай көңіл көл құсты,

Кеберсіп ерін, шөл қысты.

Көндіре алмай көмбісті,

Аяқсыз қалған армандар,

Өкінішім боп ең күшті.

Жапырақ-сезім желге ұшты.


Думаны қайтып нұр көштің,

Қалмады бірі шын достың.

Жалғыздық жайын білмес кім,

Қалың ойларға қамалып,

Оңаша осылай күн кештім,

Періштелермен тілдестім.


Қимайтын өмір тым шырын,

Сездіріп тірлік қыңсылын.

Сырыма сұғып тұмсығын,

Жатса да ұғып жол мынау,

Жүректің соңғы дүрсілін,

Жазатын жанмын, жыршымын!


Немерем


Тәңір қандай жомарт едің, береген,

Немеремнің шуағына бөленем.

Жүрегіме жырлы көктем оралып,

Қайта көктеп сала берді-ау қара емен.


Көктен күтіп жүрген нөсер жаңбырды,

Қара еменнің тамырына нәр кірді.

Бақшасында қайта құсын сайратқан,

Бақытыма балаймын ғой тағдырды.


Өніп шықты көк өскінім, бүршігім,

Тағдырыма алғыс айтар бұл шыным.

Енді менің жалғасым бар мәңгілік,

Тоқтатпайтын жүрегімнің дүрсілін.


Жайдарлым


 

Сенсің менің өзегім,

Балқұрағым көктеген.

Мейіріңді сеземін,

Жүректегі тәтті өлең.


Менің мәуе бағымда,

Тәтті өлеңге айналдың.

Құлдыраңдап жанымда,

Жүре берші, жайдарлым.


Қуанамын мәз болып,

Қызықты ғой қылығың.

Жаныма мәңгі жаз қонып,

Құйынды шабыт тұнығым.


Бөледім сені өлеңге,

Жыр толқында тербедім.

Қайнарың тулап тереңде,

Көгіңе құлаш сермегін.


Жаздыртпасын неге өлең,

Қасыма қонған бақ құсым,

Сүйікті Арлан немерем,

Сен маған сондай тәттісің.


Жаныма сондай жақынсың,

Аталаған тілің бал.

Ізімді жалғап отырсың,

Байлығым сенсің бүгін бар.

Жүрегім тұрар үзіліп,

Пейілім барын білесің.

Атаңның келіп жүгіріп,

Құшағына кіресің.


Шат күлкіңді сыйладың,

Екеу болды бір ұлым.

Өмірден іркіп жиғаным,

Сенікі бәрі құлыным.


Берсең шашып төкпей бер,

Тәңірім, саған жалынам.

Арланым, өсіп, көктей бер,

Атаңның абат бағынан.


Сағыныш


Бір кездері жас едік, өндір едік,

Жетпіске де жетерміз енді желіп,

Жайдың оғы жайнаған ормандайын,

Біз бүгін тіпті мүлде селдіредік.


Селдіредік, жоқ арыс соқталдарым,

Интернаттың бөлісіп қатқан дәнін.

Қол жеткізбей барады мүлде алыстан,

Оларменен атырған ақ таңдарым.


Өшіп жатқан санадан сағымдай күн,

Сыныптастың кейбірін танымаймын.

Орны бөлек еді ғой маған мына,

Қалимолла, Асқар мен Кәрібайдың.


Жанып тұрған жарқырап жанарында от,

Ал қыздардың көбінен хабарым жоқ.

Бір анығы бәрі де бұл өмірге,

Араласып кетіпті-ау ала дүрмек.

Еріткен әже болып немересін,

Өмірдің бал қызығы деген осы.

Бірге оқыған қыздарды көрген кезде

Нұр шуаққа шіркін-ай бөленесің.


Бәрі олардың әдемі, мөлдір еді,

Ойлағанда жүрегім елжіреді.

Оңашада құлпырып шыға келген,

Сұлулығы есімде көп жүреді.

 

Желкілдеткен сезімнің гүл арманын,

Көзден ұшып барады мұнар бағым.

Қалай ғана ұмытам күлімдеген,

Қарақаттай көздерін Күләнданың!


Мөлдір арман

 

Соңғы дәптер – соңғы сөз секілденіп,

Отырғаны анық бұл секем беріп.

Бірақ оны бастамай болмайды ғой,

Көкжиекке келеді екінді еніп.


Жүрегімнен құйылып төккен жырым,

Жастық шақты жырладым көктем гүлін.

Аға болып, азамат жастан өттім,

Бір басыма жетерлік шеккен мұңым.


Өлең болып өріліп, сөз құралған,

Өмір елес көшеді көз мұнардан.

Солғанымен сағымның сарғалдағы,

Көңілімнен өшпейді мөлдір арман.

 

Ауыртатын аямай жарасы жан,

Кезді ұмытып үмітті таңға асығам.

Шындық іздеп шырылдап жүрмін әлі,

Атқан Күн мен батқан Күн арасынан.


Дала сәні


Жаралғасын жыр ғұмыр тағдыр үшін,

Қандыра алмай келемін жан құрышын.

Аппақ қарға ақ өлең жазатұғын,

Бұл өзі мүмкін менің соңғы қысым.


Ұмыттырған жаздың нұр жаңбыр әнін,

Тұнжыраған түннен де қалжырадым.

Көкжиекке дейін бір із қалдырар,

Бұл өзі мүмкін менің соңғы қарым.


Адасам ба, жоқ әлде жол табамын,

Қайда барып тірелер қар табаным.

Батар күнге еніп мен кеткенімше,

Үміт жүгін тағы да арқаладым.


Ақ қар жауып соңында қарашаның,

Келтіріп тастады ғой дала сәнін.

Соны қорып жүргендей көрінеді,

Құлақтанып, қызарып аласа Күн.


Көңілден көктем алыс енді көктер,

Тағы ақылым ой тербеп, жанды жеп көр.

Толсын тұнық жырларға жүректегі,

Аппақ қысқа арналған соңғы дәптер.


Махаббатым —

бағым бұл

 

Күн еңкейіп, алыстады сағым қыр,

Бұрынғыдай төгілмейді жалын жыр.

Десем дағы маздағы бар әлі де,

Жүректегі махаббатым – бағым бұл.


Қоламталы шоғы қалған сөнбеген,

Махаббатты бақ құсыма тең көрем.

Менде қандай арман болсын, шіркін-ай,

Мөлдір сезім шырынына шөлдеген.


Махаббатпен туды бірге менде өлең,

Сол өлеңмен өлгенімше тербелем.

Жыр жазбайды жүрегінен ешқашан,

Өмірде бір құлай сүйіп көрмеген?!


Жүрегімнің ашып сырлы сандығын,

Мөлдіретіп төксем деймін жан нұрын.

Мына жарық дүниеде япырмай,

Сүйіп өту керек шығар барлығын!


Тоқтар ЗІКІРИН,

ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау