Солтүстік Қазақстан газеті

ДӘСТҮРЛІ ӘННІҢ ДӘРІПТЕУШІСІ

Печать PDF

Ұлттық аспабымыз – киелі домбыраның қос ішегінен төгілген әсем әуенмен сүйемелденген дәстүрлі әнді тыңдаған сәтте шабыттанып, шаттанбай тұра алмасымыз анық. Сонау сал-серілердің дәуірінде қастерленген текті өнеріміздің бүгінгі қал-ахуалы қандай? Осы орайда өңірімізде дәстүрлі әннің дамуына өзіндік үлес қосып, оны өскелең ұрпаққа насихаттаудың басы-қасында жүрген әнші, термеші Амангелді Рамазановпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

argaiv1962

– Амангелді аға, әңгімеміздің әлқиссасын әншілік өнерге қалай келгеніңізден бастасақ.

– Мен қазіргі Есіл ауданындағы Орталық ауылының тумасымын. Әншілікке аяқ басуым туып-өскен ортама тікелей байланысты. Мені өнер әлеміне әуелі туған әкем Бегайдар мен оның інісі марқұм Өмірзақ ағам жетеледі. Маған алғаш домбыра шертуді де, ән салудың қыр-сырын үйреткен де солар. Тек мен ғана емес, сонымен қатар апам Қалида мен інім Спартак та осы кісілердің тәлімін алып, өнерге етене жақын болып өсті. Ауылда халық театрының ашылуына ұйытқы болған Өмірзақ ағам еді. Осы кісінің тәрбиесінде болып, ес білгелі соның қасынан бір елі шықпағандығымнан, оны мен “әке” деп атап кеттім. Осы Өмірзақ әкем түрлі жиын-тойларда ән шырқағанда, көпшілікпен бірге мен де аузына қарап, аңтарылып тұрып қалатынмын. Оның тартқан домбырасының күмбірі мен күміс көмейінен шыққан әндері әлі күнге дейін құлағымда. 4 жасымда әкем өз қолымен кішігірім домбыра жасап бергенде қуанғаным-ай. Сол кезде отбасыммен бірге теледидарға шығып, өнер көрсеттім. Сондағы әкемнің “Жарайсың, балам!” деп арқамнан қағуы талабымды арттырып, өнерге деген ынта-ықыласымды күшейтті. Көзімдегі жалынды байқаған ол бастауыш сыныпты бітірген мені бірден Петропавлдағы №2 қазақ мектеп-интернатына жетектеп әкелді. “Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы” демекші, қалада оқып жүргенде өңірімізге танымал күйші, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі Серікбай Құсайынов ағамыздың домбыра сыныбына барып, дәріс тыңдадым. Домбыраның құлағында шебер ойнауыма сол кісінің тәлімі де септігін тигізді. Сол жылдары филармонияда қарымды еңбек еткен әнші, термеші Таңат Бейсенбаев, Кәмила Әлібаева дейтін аға-апаларымыздың өнеріне де ден қойып, сол кісілерге еліктедік.

– Әкенің арманын орындап, өнерді таңдаған екенсіз. Еңбек жолыңыз қалай өрбіді?

– Мектепті тамамдағаннан кейін туған ауылымдағы Мәдениет үйінің меңгерушісі болып жұмысқа кірістім. Өмірзақ әкем де денсаулығының нашарлығына қарамай, қасымда болып, еңбекке білек сыбана кіріскен мені тура жолға бағыттап отырды. Дәл сол жылы Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы өнер колледжіне сырттай оқуға түстім. 1986 жылы Отан алдындағы борышымды өтеу үшін әскерге аттанып, одан оралған соң бастаған оқуымды тамамдадым. Екі жылдай ауылда жұмыс істегеннен кейін Шымкент қаласындағы педагогикалық мәдениет институтына оқуға түстім. Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының Мәдениет үйінде 4 жылдай жұмыс істегеннен кейін мәдениеттен білім саласына ауысып, кезінде өзім оқыған Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатқа көркемдік жетекші болып жұмысқа тұрдым. 2011 жылдың аяғында облысымызға танымал жезтаңдай әнші, өнердегі аяулы апам Дәмеш Құрманкина қаламыздағы қазақ мектеп-гимназиясының жанынан “Өнер” орталығын ашып, мені қолдап, сол жерге жұмысқа шақырды. Дәмеш әпкеміздің идеясымен дәстүрлі ән сыныбын аштық. Өзі эстрада әншісі бола тұра, дәстүрлі әннің жағдайын ойлап, тыным таппағаны мені қайран қалдырды. Бүгінде жаңа ашылған сыныпта талапты жас, облысымыздың белгілі дәстүрлі әншісі Біржан Есжанов екеуіміз 18 шәкіртті тәрбиелеп отырған жайымыз бар. Жетістіктерден де кенде емеспіз. 2014 жылы 3 шәкіртімді Бурабайда өткен Роза Бағланова атындағы “Ақ сұңқар” атты халықаралық фестивальға апардым. Бірінші тәжірибеміз болғандықтан, ол жолы жүлдесіз қайттық. Есесіне 2015 жылы Қарағандыда өткен “Тұлға” атты жасөспірімдер арасындағы халықаралық конкурсқа 2 шәкіртімді қатыстырдым. Нәтижесінде Мөлдір Қалел 3-орынды иеленіп, Мәдина Қалиева дипломант атанды. Дәмеш Құрманкинаның жетекшілігіндегі “Өнер” орталығы ашылысымен түрлі шараларды өткіздік. 2013 жылы “Сайра, домбыра!” атты қалалық фестиваль ұйымдастырдық. Келесі жылы аталмыш фестивальды екінші рет өткіздік. Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай осы шараны облыстық деңгейде ұйымдастырмақ ойымыз бар.

– Өнеріңіздің арқасында өмірдің күнгейін көп көрген боларсыз. Жаныңызды жадыратар жылы естеліктеріңіз бар шығар...

– 8-сыныпта оқып жүргенімде алғаш рет алыс жолға шықтым. 1981 жыл болуы керек. С.М. Киров атындағы зауыттың “Кировчанка” деген бишілер тобымен жалғыз өзім Алматыға аттандым. Жасөспірімдер арасында республикалық фестиваль өтті. Оған Ғарифолла Құрманғалиевтың “Еңбек туралы термесімен” оңтүстік жұртшылығының құлақтарының құрышын бір қандырдым. Сонымен қатар, жас кезімде облысымыздың танымал ақыны Кеңес Тынымбаев ағаммен (ол кезде ақындар жоқтың қасы) өңір атынан Ақтөбе, Семей, Алматы қалаларына республикалық ақындар айтысына бардық. Ол – ақын, мен – термеші. Шіркін, керемет күндер еді! Бір жылдары Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданында күйші, жыршы-термешілердің жарысы өтті. Оған сол кездері облыстық филармонияда істеген Асқар Байбатжанов деген бауырым, өңіріміздегі өнер жолындағы ағам Дәстен Баймұқанов үшеуіміз барып, жүлделі оралдық. Дәстен ағам екінші орынды еншілесе, мен үшінші тұғырдан көріндім. Сонда танымал ақындар Айтақын Бұлғақов, Қуаныш Мақсұтов, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісовамен танысқанымды да ұмыта қойған жоқпын.

– Батыс, Арқа, Жетісу өңірлерінің өздеріне ғана тән әншілік дәстүрлері бар. Жаныңызға осылардың қайсысы жақын? Репертуарыңыз жайында аз-кем айта кетсеңіз.

– Репертуарымда 50-ден астам ән мен жыр-терме бар. Облысымыздың әнші, термешілері Таңат Бейсенбаев пен Кәмила Әлібаева Қазақ КСР халық әртісі, ел мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, батысқазақстандық әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірттері болған. Мен болсам, бала кезімде солардың әнін тыңдап, тәлімін алып өстім. Батыс әндерін көбінесе домбыра қағысы ерекшелейді. Адуынды, жігерлі, жылдам. Сондықтан болар, маған батыстың мақамы ұнайды.

– Жуырда “Сал-дәурен” атты жеке концертіңіз өтіп, өнерсүйер қауым бір жасап қалды. Осы кеш жайында оқырман білгісі келеді.

– Үстіміздегі жылы 50 жасқа толып, өнермен өрілген жарты ғасыр ғұмырды артқа тастадық. Сонымен қатар, биыл қасиетті домбыраны қолға алғаныма бақандай 45 жыл болып қалған екен. Мұны білген бауырларым мен әріптестерім қолқа салғаннан кейін дәстүрлі ән кешін өткізуді ұйғардық. Оның бар жүгін жалғыз өзім көтердім деп айта алмаймын. Інім Спартак Рамазанов домбырасын қолына алып, отбасылық шежіремізді шырқаса, Біржан Есжанов, Еркебұлан Қаріпов, Ғалымжан Нұрпейісов сынды бауырларым, Шымкентте бірге оқыған жолдастарым және оқушыларым киелі қарашаңырақ – Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының сахнасынан қасиетті өнердің жауһарларын әуелетті. Жалпы, осындай концерттердің жиі ұйымдастырылғаны жөн. Себебі, дәстүрлі әннің тыңдалым аясы кеңейсе, сол арқылы өскелең ұрпақ та барынша тәрбие алады. Қазақтың бар баласы өздерінің әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін біліп жүрсе екен деп армандаймын. Сонымен қатар, дәстүрлі ән сыныптары қаламыздағы әрбір қазақ мектептерінде ашылса игі еді. Ол үшін, әрине, біз де барымызды саламыз. Өйткені, қара домалақ балаларымыз киелі домбырамыздың құлағында ойнап, дәстүрлі әннің тарихын білсе, текті өнеріміздің тынысы ашылар еді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау