Солтүстік Қазақстан газеті

Сыздамасын менің нәзік жүрегім

Печать PDF

Ырысты елге енгізуге ұрысты,

argaiv1582

Пиғылы арам бүлікшілер кірісті.

Айтағына жауыздардың ергендер

Ойламады, баға бермей бұл істі.


Іші тарға ұнамайтын аумағы,

Қазақ жерін бөлшектемек жаулары.

Іші – түтін, сырты бүтін залымның

Осы емес пе аяқтан кеп шалғаны.


Іші күйіп тыныш жатқан бұл елге,

Өрендерді шырмап алып жүгенге,

Сырттан келіп, іштен шалып жүргендер

Біздің елге ризық, бақыт тілер ме?!


Қитұрқылар бар әлемде не түрлі,

Талай елдің берекесін кетірді.

Білместікпен айтаққа ерген өрендер

Өз ордасын өртеп жатқан секілді.


«Аман болсын десеңіздер ел мен жер»,

Уа, жастар, бүлікшілге ермеңдер.

Елжандылық қасиетті ардақтап,

Азаматтық асуына өрлеңдер.


Бақыт сол ғой – мерейлі нұр төксе Күн,

Ел жастарға артады ғой көп сенім.

Тәуелсіздік туы қалса жығылып,

Арамзалар көбейтпей ме «Шоқ-шоғын!».


Ішке кіріп, өрендерді жағалап

Жүргендердің ниеттері жаман-ақ!

Аңсап жеткен азаттықтан айрылсақ,

Дұшпан біткен мазақ қылар табалап.


Қағылмайық ырыс пенен олжадан,

Елбасымыз гүлденуді болжаған.

Берекеге сызат салып өзіміз,

Өкініші бойды өртесе, сол жаман.


Саналы ғой жастарымыз білемін,

Сүйеді олар туған Отан, Ұлы елін.

Қазақстан жасай берсін гүлденіп,

Сыздамасын менің нәзік жүрегім!

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау