Солтүстік Қазақстан газеті

КӨҢІЛ ПЕРНЕЛЕРІ

Печать PDF

Ирина Алексеевна Матвеева – орыстың ақын әйелі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1960 жылы Петропавл қаласында туған. Өңір орталығындағы педагогика институтын тамамдап, бүгіндері Солтүстік Қазақстан облыстық мұражай бірлестігінің әдебиет бөлімінде ғылыми қызметкер болып еңбек етеді. Оның қаламынан өлеңдер, очерктер, шағын лирикалық жырлар туындап, оқырмандардың лайықты бағасын алып жүр.

argaiv1962

Туындылары “Провинция” (Петропавл), “Нива” (Астана) журналдарында және “Бәйшешектер”, “Туған жердің әуендері”, “Інжу-маржан” атты ұжымдық жинақтарда жарияланды.

“Арман аясында”, “Күзгі жұлдыздар” атты екі жинағы баспадан шыққан. Төменде ақынның бір топ жаңа өлеңдерін оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.

* * *

Екі өмір – бір өрімдей келісті-ақ,

Екеуі де ардақты ғой мен үшін.

Тартып келем тең ұстап,

Екі тағдыр желісін.


Екі желі, бірін тартсаң, біріне

Секілдісің көңіліңді бөлмеген.

Тепе-теңдік заңдылығы бүліне,

Тұрып алар өміріңде көлденең.


Тағдырыңның артығы мен кемісін,

“Қара желі”, “Ақ желі” деп бөлмегін.

Өмірімнің қосарланған желісін,

Қатар ұстау – кәміл сенім мен үшін!

* * *

Уақытта тоқтау бар ма,

Бір іске маңыз беріп оқталғанда.

Сағаттар да, күндер де зымырайды,

Өкінесің уақытың жоқ болғанда.


Қарашы, сәуле шашып Күн шығады,

Лезде ғайып болып нұр-шуағы.

Ұзақ-сонар секілді көрінген жол

Көкжиекке тіреліп, тұншығады.


Жаз жұпары аңқиды осы жолда,

Күн батады, бейнебір тосын ол да.

Беймәлім уақытың жылыстайды,

Жаңа күн тұрса жақсы-ау тосып алда.

Медет көріп бойыңда тағат барын,

Тілейсің ғой жаңа бір таң атқанын.

Ғұмырымды сездірмей ұрлап жатқан,

Қайда асықтың күндерім, сағаттарым?

* * *

Мынау ғұмыр кейде бір ойын сынды,

Менің жырым осындай ой ұсынды.

Шөл далаға бүркіген жаңбырдай-ақ

Уақытым қою түнге ойысулы.


Ұмытпастан мезгілдің мүлде заңын,

Сол ойынмен отырып жыр жазамын.

Тұсай алмай уақытты зымыраған,

Өтіп кеткен күндерді қызғанамын.


Қайта бастау мүмкін бе өміріңді,

Осы бір ой қажайды көңілімді?

Өлең болып өрілмей осы күйім,

Небір сырлар жүректе көмілулі.

* * *

Күз бен жаздың шекарасы секілді,

Жүйрік уақыт тоғысты бір арнада.

Суық самал сипап өтіп бетімді,

Кеш те түсті, толастамай сәл ғана.


Бір кездесу көрінетін бізге ыстық,

Қалдық әттең сырласа алмай толғана.

Тым асығыс, қарбаласта жүздестік,

Жанды өртейтін өкініші сол ғана.


Ақ жаңбырдай өлеңімді селдеткім,

Келіп еді, бой бермеді өкініш.

Бұрылмастан теріскейге сен кеттің,

Мен – түстікке, енді мұнда не тұрыс?!


Күн де батты, қасқарайды сол шақта,

Жасырды ғой ен далада гүл де өңін.

Сенің ізің жоғалды ғой алшаққа,

Ажырастық, неге екенін білмедім,

Адасқаным шығар әлде бұл менің?..

* * *

Аппақ қар ақ аспаннан тұр-ау жауып,

Келші, кел, аппақ қардан сыр аңдалық.

Бізді ол бір бақытқа бөлер ме екен,

Жүрмесін жүрегіңде қылау қалып?


Танитындай оңымыз, солымызды,

Ұсынайық екеуміз қолымызды.

Өкініші өкпенің сейілсін де,

Бір құшақта қосайық жолымызды.


Бір бақытты табайық аппақ қардан,

Күндер қайда жарасым таппақ болған?

Өткен күннің кетсінші үлесінде,

Өкпе-реніш бойыңда сақтап қалған.


Өмір мынау, жақсылық берері көп,

Өкпе-реніш кетеді неден үдеп?

Біз екеуміз сыйласып жүрер болсақ,

Одан асқан бақыттың керегі жоқ!


Өмір – сынақ, жаңылмас өмір – дана,

Өте берсін біздерге ол нұрлана.

Нағыз байлық – адамның бақыты ғой,

Сәуле шашар сыйласқан көңіл ғана.

Ирина МАТВЕЕВА.

Орысшадан аударған ақын

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау