Сіз мындасыз: Home Руханият АҚАН СЕРІ ӨМІРІНІҢ АҚИҚАТЫ

АҚАН СЕРІ ӨМІРІНІҢ АҚИҚАТЫ

(Соңы. Басы өткен санда).

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ. 

Әңгіме Қорамсаның жан дүниесін босатады, ұйып тыңдайды:

– Ақанымның Қоңыр аты өлмепті. Оны жоқтатпайтын Құлагер бар екен. Құ­ла­гер үшін келдім, Елеке. Саудагердің сө­зін­де пәтуа болушы ма еді, соның бірі өзі­міз емес пе? Шөкетайың бірде бие, бір­де түйе, кейде тайғанақтап кетеді. Тілін емізген Самарқанның сарттарындай сөзі­мен арбайтын Сүлейменнің арбауына шыр­ма­лып, бір күні Құлагерді сатып жібере ме деп қорқамын. Құлагерді біздің үйдің кер­ме­сіне байлайтын өзің бол. Тегін жатқан дү­ние жоқ. Ақанымнан ештеңені аямаймын, – деп қиылады.

Елторы:

– Қореке, Ақаның Біржан салдың алдында он үш жасында ән салды, он алты жасында үкілі домбырасын бұлғақтатып, алқалы топтың алдына шықты. Ерте есейді. Бүгінде атағы жер жарады. Жиеніміздің жан жарасы жазылар. Жігіттің қайғысы сұлу жардың төсегінде, қыран құстың қияғында, тұлпардың тұяғында қалады деген, шерлі көкіректі осы үшеуі емдейді. Барақбай мен Сүлейменнен келгенді көріп алармыз, қалағаныңыз Құлагер болса, бір амалын табармыз, – деп, риза қылып қайтарады.

Ақан сері де Біржан салдың ауылынан олжалы оралады. Көңілі көтерілсін деп ұстазы шәкіртіне ақбоз айғыр мінгізіп, Қорамсаға – түлкі ішік, Жаңылға – күміс қапсырмалы мақпал қамзол, Бәтимаға алтын сырға, алтын алқа, күміс шолпы беріп жібереді. Ақан серінің нөкерлеріне түгел ақбоз ат мінгізеді.

Көңілі жадыраған Ақан сері нағашысы Шөкетайдың ауылына келеді. Ащылыдағы аз ғана түтіннің кәрі-жасы жиылып, Ақан серінің әнін тыңдайды. Ертеңінде сәскеде Ақан сері тысқа шығып ащы аязда, қора жақта, ойпаңдау жерде, көк мұзда серейіп жатқан кер дөненді көреді. Төрт аяғы төрт жақта. Қаннен-қаперсіз. Тамылжыған шілденің шаңдағында ұйықтап жатқандай, тырп етпейді. Артқы екі аяғының арасы ел көшкендей. Кеудесі шығыңқы. Болат тұяқ. Астыңғы ерні салбырап, танауынан үзік-үзік бу шығады. Құйрығы қып-қысқа, жалы сұйық. Жағында қырым ет жоқ. Шабы сарғайған бір сары жұрт… Арқасы қоп-қоңыр ұйысқан жүн. Екі көзінің айналасы тершіп, кекілі селтиіп, бозқырау шалған қамыс құлағы қимылдамайды.

– Осындай да мал бола ма? – деп Ақан сері аң-таң боп тұрғанда, ту сыртынан нағашысы Елторы келіп:

– Бұл – жалғанның малы емес, қылқұй­рық­­тының жұлдызы, жігіттің шырағы, дү­йім жұрттың намысы. Туа бермейді мұн­дай жануар. Биыл дөнен. Сынға түсер дер шағы. Аз оттайды. Өстіп көп ұйық­тай­ды. Тынысы кең. Астындағы көк мұзға қа­­ра­шы, көктемнің шуағы түскендей, жып-жылы боп еріп жатыр. Қоңыр атың ті­ріл­­ді, Ақанжан. Кердөненнің былайғы аты – Құлагер! Ал, бұл – енді сенің қанатың, – дейді.

Көп ұзамай, Құлагер Ақан серінің қолына тиеді. Ә деп мінген сәттен-ақ жануар жер мен көктің арасында сам­ғай­тын қанаты бар құдірет болып көрінеді.

Ақан сері Құлагерді өзге жылқыдан бөлек ұстайды. Арнайы құдық қаздырады, қайыңнан қора, жер астынан монша салдырады. Ол моншаны “Ақбалтыр” деп атайды. Түн болса, жібек арқанмен көк майсаға арқандап, өзі күзетіп жатады.

Сол жазда Ақан сері Құлагерді Көк­шетауда Шағалалы өзенінің теріскей беті – Қызылжарға шығатын жолдың жаға­сында жылда өтетін “Сентябрь жәрмең­кесінде” болатын аламан бәйгеге қосады.

Құлагер “Сентябрь жәрмеңкесіндегі” бәйгеде екі жүз елу аттың ішінде ойнақ­тап жеке келеді. Ілешала Омбыдағы Қар­жа­стың асында да үш жүз аттың алдын­да келеді. Саққұлақ бидің баласы Нұралы, Зілқараның баласы батыр Әлібек, Жанбота болыс пен Біржан сал Ақан серіні ардақтап, Құлагерді жыр қылады. Ертеңіне осы топ көшкен елдей жарасып, Біржан салдың ауылына барады. Әлібектің жанына айдай сұлу қызы Ақшабақ ілесе келеді. Ақшабаққа Ақан сері есі кетіп, ғашық болады.

“Қызы бар Әлібектің Ақшабақтай,

Жүруші ем заманымда қызды жоқтай”,

– деп басталатын “Ақшабақ” әні “Мың бір түн” ертегісіндей аңыз боп ел ішіне тарайды да кетеді.

Зілқараның Әлібегі – Әлібек батыр – даңқы асқан, ел ішінде сыйлы болған, тура бидің сөзін сөйлеген әділ, көкірегі көк тіреген дөйлердің өзін тәубесіне түсіретін, Атығай, Қарауыл, Керей, Уақтың ту етіп ұстаған айбарына, құты мен намысына айналған кісі. Көкшетау дуанындағы Ақсары болысын басқарып отырған Атығайдың тағы да бір арысы – Жанбота Қарпықұлы осы Зілқара әулетімен жұлдызы жарасып, тонның ішкі бауындай араласады. Ақын­жанды, сері көңілді Әлібекпен Бір­жан сал да дос болады. Біржан сал тобымен таңды таңға ұластырып ән салады.

Әлібек – Ақан серіден көп үлкен, әкесіндей адам. Омбыдағы жүздесуден кейін Әлібек оған құдірет боп көрінеді. Әлібек болса, Ақанды ардақтап, ылғи қорғап-қорғаштап жүреді. Ақанды Керей еліндегі Жыршы дегеннің асына алып баратын да – осы Әлібек.

Сол аста Ақан бірнеше күн асқақтатып ән шырқайды.

Жыршының асында Құлагер бәйгеден келіп, екінші болып мәреден Әлібектің Бәйгеторысы өтеді. Ақмәліш Барақбайдың Жезкүреңі – бесінші, Біржан салдың Айбозы – алтыншы, жетінші болып Әлібектің Дөненторысы келеді.

Қаскөй, қызғаншақ Барақбай осы жолы да шатақ шығарады, бірақ Әлібек оның үнін шығармай, мысын басып тас­тай­ды. Бас бәйге – жүз жылқы Құлагер­ге бе­ріледі. Құлагердің даңқы аспанға шығады.

Осы астан кейін де Әлібек Ақан серіні арнайы шақырып, ауылына апарады. Әлібектің ауылында таңғажайып ертегі дүниесіндей күндер өтеді. Елдің ауызында Ақан сері, Құлагер болады. Ақан сері қайтатын күні Әлібек:

– Қылқұйрықтың тұйғыны деп сылап-сипап, мәпелеп ұстаушы едім, осы бір сүйріктей қара бедеуді алдыңа тарттым, Ақанжан. Сұлу аттың үстінде көркейіп, сәулетті болып жүр, иығыңа жанат ішік жаптым, Ақанжан! Қиырдан шолатын қыраным еді, Қараторғайды қондырдым, қолыңда түлет, Ақанжан! Түзді сүйетін жүрегің бар, мына бір берен мылтықты да ілдім еріңнің қасына. Орта жүздің сайраған бұлбұлы, жай­наған гүлі де сенсің, ажары да, база­ры да сенсің, әні де, сәні де сенсің! Самғайтын тұлпарсың, ұшатын қырансың, аспанда қалықтай бер, шырағым! – деп, қошеметпен шығарып салады. Әлібектің Ақан серіге өкіл әке атана­тыны осы кез екен.

Қыпшақ елінде бір сұрапыл ас өтетін болып, бүкіл Торғай дуаны дүрлігіп, Үш жүзге сауын айтылады. Сол асқа Ақан серінің тобын тағы да Әлібек батыр бастап барады. Бас бәйгені Құлагер алады.

Ендігі жерде Құлагер Ақан серінің жан рақатына, құштар сезіміне, қызулы шабы­тына, атын әлемге жайған, көңілін көкке көтерген құдіретіне айналады.

“Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда,

Баптаған сені сылап, қалқатай да”,

– деп, жан жүрегіңді баурайтын “Маңмаңгер” әнін осы кезде шығарады. Жалғанды жалпағынан басқан­дай, мерейі тасып, қолында Қараторғайы, со­ңында құмай тазысы Базарала, сылаң қағып, бірде Есіл, Құланөтпес, кейде Нұра­ны жағалап, қарағай-қайыңы сың­сы­ған Тобылға дейін барып, ел-елді думанға бөлеп жүреді. Бұл кезде Ақан сері мен Бәтима тағы бір перзент сүйеді. Оның атын ілгергі үмітпен Дәмелі деп қояды.

Құлагердің желігімен аспандағы аққу үніне әнін жалғап, шалқып-тасып жүрген күндердің бірінде Ақан сері Сарыарқаға аты шыққан айбынды әулет – Аққошқар Сайдалының асына қатысады. Бұл жолы да оны желеп-жебеп, үлкен салтанатпен Әлібек алып барады. Бәйгеге үш жүз ат қосылады. Құлагер – алдында, екінші боп Барақбайдың Кетебер-көгі келе жатады. Сол кезде Әлібек пен Ақан серінің жанында тұрған Барақбай:

– Не ғып тұрсың сүмірейіп? Сүйрет! Тарт ана атты! – деп, қамшысымен өзінің даяшысы Бөрібайды тартып-тартып жібереді.

– Ережеде ат сүйрету бар ма еді? – дейді Ақан сері. Ызадан, намыстан жарылғалы тұрған Барақбай Ақан серіні балағаттап, бірталай сөз айтып тастайды.

– Ата сақалың ауызыңа түскен шағыңда ел алдында қадіріңді кетірмей, алжымай жүр, Барақбай! Әкем Қорамса сен сияқты ұры-қары жұмсап, мал тауып көрген жоқ. Тапқан малыңның, ұстаған мүлкіңнің бәрі арам. Бір кезде қоңыр атыма сұқты көзіңді қадап, ала алмап едің құса боп, енді ішіңді Құлагер өртеп жүр, қыр соңымнан қалмай-ақ қойдың, Барақбай! Қамшы сілтеген олай емес, былай! – деп Ақан сері Бөрібайды қақ бастан тартып жібереді. Жара басынан қан шып ете түседі.

– Осы қан есіңде болсын, Ақан! Қан жылатам, – дейді ол.

– Бөрібайдың сөзін ұмытпа, Ақан, – дейді Барақбай. Ақан серінің жігіттері ұмтыла бергенде:

– Жә, дүрлікпеңдер, Барақбайдан кел­ген пә­лені көрдік, – деп, Әлібек басу айтады.

Бұл дәйекті автор Мағжан Жұмабаев­тың “Ақан сері” атты зерттеуінен, Ақан өміріне қатысты аса құнды мұра – Қасым қарияның дәптерінен келтіреді.

Аққошқар-Сайдалы асынан мол олжа­мен оралған Ақан серінің отбасында тағы бір перзент дүниеге келеді. Үміті мен Дәмелісінен кейін Бәтима ұл туады. Нәрестенің атын Ибраһим қояды. Оны кейін бәрі еркелетіп, “Ыбан” деп атап кетеді.

Көп кешікпей Бәтима дүниеден өтеді. Ақан сері тағы да қайғы-мұңға батады. Сөйтіп жүргенде тағы да бір үміт оты жылтылдайды. Ол – жан біткенді таңғал­дырған, елжіретіп, есті алған болжаусыз сәуле – Ақтоқты. Сырымбетті жайлаған Жақсылық – Қарауылдан шыққан орта дәулетті момын Бақтыбай дегеннің қызы. Ақтоқты көркіне ақылы сай, ақын-жанды, нәзік сезімді, айтулы қыздардың ішіндегі шолпан жұлдызы, жігіттің дүрі: “Шіркін, менің жарым болса” дейтін арман еді.

Ақтоқтының басы бос емес. Ырысы көл-дария боп шалқыған Сүтемген байдың айдарынан жел ескен мырзасы Жалмұқанға атастырылған. Соған қарамастан, Ақан серіні тағы да бір түлен түртіп, жүрегінің әміріне ырық береді.

“Ақтоқты, шашың жібек, жүзің айдай,

Адамзат сыпатыңа таңғалғандай.

Дерт болып жүрегіме сен жабыстың,

Тілекті жеткізейін қапы қалмай”,

– деп, Ақтоқтымен қызойнақ, шілдехана, басқа да жиындарда кездесіп жүреді. Әнге балқыған Ақтоқты Ақан серіге көңілін білдіреді де, ақыры ұзатқалы жатқан Ақтоқтыны Ақан сері Қарабедеуге мінгізіп алып қашады. Іле-шала қуғыншылар шығады. Шауып келе жатып, Қарабедеу томарға сүрініп, омақаса құлайды. Ұшып түскен Ақтоқты шырқырап:

– Ақан, сен де есіңді жи, мен де есімді жидым. Бір баянсыз іс болды, ұмытайық. Ата салтын аттағым келмейді. Атаанамның тілегі кесілмесін, мен Жалмұқандықпын, – деп безек қағады. Осы сәт қуғыншылар да жетіп, Ақтоқтыны атқа өңгеріп ала жөнеледі.

Тағдыр тәлкегіне түсе беретін Ақан сері­нің тағы да сағы сынады. Бақтыбай ауылы тездетіп Ақтоқтыны ұзатуға кіріседі. Ақбоз үйдің ішінде көз-жасын төккен ол:

– Болар іс болды, ел-жұртым, мен енді Жалмұқанның жарымын! Аужарымды ел еркесі Ақан сері айтсын, – деп отырып алады. Ақтоқтының тілегі қабыл болып, аужарды Ақан сері айтады. Сөйтіп, Ақан сері үшін Ақтоқты бейо­па арманның айтылмаған әні болады да қалады. Ақан Ақтоқтыға бес ән арнайды.

1876 жылы Паң Нұрмағамбет әкесі Сағынайға ас беретін болады. Нұрмағамбет Сағынайұлы – болыс болған, ел билеген қайрат­кер, қазақ меценаты. Үш жүзге сауын айтып, әкесі Сағынай­ға Ерейменнің етегі Қусақ көлінің жа­ғасында ас береді. Асқа бір мың жыл­қы, екі мың қой сойылады. Құлагер бәйгеге соңғы рет осы Сағынай­дың асында қосылады. Үш жүз жетпіс ат күндік жерден айдалады. Көз ұшында сағымдай бұлдырап, ойқастап жеке-дара келе жатқан Құлагердің шекесіне шоқпар тиіп құлайды. Ақан сері Құлагерінің басын құшақтап үш күн жылайды.

“Қырмызы, қара құлпы құйрығың-ай,

Суырылып топтан озған жүйрігім-ай.

Жеріне Ерейменнің айдап келген

Тәңірдің неғылайын бұйрығын-ай”,

– деп жоқтайды. Бұл оқиға асқа келген есеп­сіз елдің сай-сүйегін сырқыратып, жү­ре­гін қан жылатады. Ақан серінің “Құлагер” әні қазақ даласын тегіс шарлап кетеді.

Ілияс Жансүгіров те, Ақан сері жайында жазған бірқатар зерттеушілер де Құлагердің трагедиясына кінәлі деп Батырашты атайды. Бұл пікірдің теріс екендігін, Құла­гердің өліміне кінәлі Батыраш емес, Барақбай екен­дігін алғаш айтқан – ақын Мағжан Жұма­баев. Қасым қарияның дәптерінде де сол Барақбайдың есімі аталады. Өзінің ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесінде Илья Жақанов Барақбайдың зұлымдығын айғақты, дәйекті деректермен мүлтіксіз дәлелдейді.

 

Махаббат азабы

 

Жан жары Бәтиманың қазасы, Ақтоқтымен арадағы көрген түстей шым-шытырық оқиғалар Ақан серіні күйзелтіп, есеңгіретіп жібереді. Ел барды жоқ қып, жоқты бар ғып гулейді. Тағдырдың тәлкегіне түсе беретін Ақан сері соның бәрімен іштей күресіп бағады.

* * *

Ертеде Қызылағашта Ғабит Мүсі­репов­­тің “Ақан сері – Ақтоқты” пьесасы қойылады дегенде қариялар: “Асылымызды қорламаңдар! Жалмұқан мен Ақтоқтының өміріне бүйтіп дақ салмаңдар! Өсіп-өніп отырған жазықсыз әулеттің бала-шағаларының көңіліне қаяу түсірмеңдер. Бізге жалған сөздің керегі жоқ”, – деп, әртістер­ді қайтарып жіберген екен.

Расында, Жалмұқан уызына жарыған, өрісі де, өресі де кең, қайырымды, кісілікті, елге қадірлі кісі болған. Ақтоқтымен екеуі жұрт қызығатындай жарасымды өмір сүрген.

Ақтоқтының келін боп түскен жері – Жақсылық елі – Қарауылдың іргелі атасы, әнші ел. Жақсылықтың бір тұтқасы, айбарлысы – Сүтемген бай, бай болғанда дүниеқоңыздығымен емес, берекелі, адам­­­гер­шілігімен, көшелі кісілігімен күллі Арқаға даңқы жеткен адам. Менмін дегендер онымен құдандалы болуды ар­ман­­даған. Оның ақ ордасында ел ардақ­таған шешендер мен билер, даналар мен көсемдер, әнші-ақындар кеңес құрған. Сүтем­геннің дарқандығы балаларына дары­ған. Әкесінің бар дәулетін Жалмұқан ұстаған. Ол дүниені текке шашпаған. Қара­­ғай­дан қидырып мешіт, медресе сал­дырып, молда ұстап, балаларды ізгілікке тәрбиелеген, кем-кетікке қол ұшын берген.

Жалмұқан мен Ақан серінің арасын­дағы сыйластықты білетіндер күні кешеге дейін аңыз қылып айтып жүрген. Жалмұқан Ақанды ауылына жиі шақырып тұрған. Жұлдызы жымыңдаған айлы түндерде төсекті көгалдың үстіне салдырып, Ақтоқ­ты үшеуі қатар жатқан. Ақан сері Жалмұ­қанның осы ісіне сенер-сенбесін білмей, ыңғайсызданып, бұл ауылға келуін тоқтатқан.

Қазақ еліне қайғы-қасірет, зобалаң әкелген қызыл қырғында Жалмұқан мен Ақтоқты мыңғырған малдан, шалқыған дәулеттен айрылып, арып-ашып, әбден титықтап, ауыл шетіндегі иесі өлген бір қыстауды паналайды. Тіске басып, талшық етер түк қалмайды. Өзектері талып, көздері қарауытып, қуаттан айрылады. Содан бастап қазақтың басын бұлт торлап, айықпайтын дертке ұшырайды. Ақылға сыймайтын, неше түрлі келеңсіздіктер, сорақылықтар, бұрмалаулар етек алады. Ақан серінің “Балқадиша” әні де бұрмаланып:

“Дегенде, Балқадиша, Балқадиша,

Күйеуің сексен бесте, шал, Қадиша-ай!”

– деп айтыла бастайды.

Соғыс жылдары Зерендінің Кеңөт­келінде бір әнші “Балқадишаны” бұрма­ланған сөзімен айтыпты. Сонда залда отырған Балқадиша:

– Мына жазған не деп отыр? – деп биязы мінезімен мұңайып, басын шайқаған екен. Ашуланған бір ақсақал:

– Аққудың көгілдіріндей үлбіреген Балқадиша өз сүйгеніне ұзатылған. Міне, осы концертте ортамызда отыр. Сен лағып не деп тұрсың өзің? – деп, әлгі әншіні сахнадан қуып шығыпты. Осы оқиғаны да, қазақ өнеріне көпе-көрнеу жасалған қиянаттың өзге мысал­дарын да біз Ильяның кітабынан оқимыз. “Жиырмасыншы, отызыншы жыл­дары қазақтың көп әні жаңа социалистік қоғамның насихат құралына айналып, өзінің о бастағы сөзінен, мәнінен ажырады. Колхоздастыру, сауатсыздықты жою, әйел теңдігі науқаны басталғанда Үкілі Ыбырайдың “Толқын” әні – “Елім бар колхоз болып дүрілдеген” деп; “Ақбаян” әні – “Ой, Ленин, Қараңғыда көп елің” деген қайырмамен; “Балқадиша” әйел теңсіздігін шектеген ән болып шыға келді”, – деп жазады автор.

Ол кезде қазақ тексізге қыз бермеген ғой. Келінді бар жерден, текті жерден алған, қызды өскен, өнген елге берген. Бұрыннан аралас-құралас, бір-бірін жақсы білетін Масабай Ыбыраймен құда болады. Балқадишаның (шын аты – Төкен) болашақ күйеуі – елге сыйлы сол Масабайдың Сүлеймені.

Ақан сері Балқадишаны жақсы біледі. Қырдың гүліндей көз алдында құлпырып өскен Балқадиша. Бүгінде ол – бұл өңірдегі айтулы сұлулардың ішінде жұлдызы биік періште. Ақан сері Ыбырайдың үйінде талай болып, ән шырқаған, бұл елді талай әнге бөлеген, гауһардай жалт-жұлт еткен Балқадишаны талай көрген, қыздың айдай жүзіне, нәркес көзіне, күміс күлкісіне, мінсіз сымбатына ессіз құлаған.

Балқадишаны екі жеңгесі Ақан сері отырған он екі қанат ақ ордаға алып кіреді. Балқадиша – бүгінде толықсыған кербез ару. Жарқылдаған жанарында күллі дүние жайнап тұр. Ақанның оң жағында отырып, Балқадиша тамылжытып ән салады. Ақан серіні Балқадишаның назды қылығы, тіл байлаған көркі балқытады. Жанында отыр, бірақ ол сондай алыс, ғарыштағы жұлдыздай арбайды. Ақан сері құмарлық отына күйіп, іштей уһлейді, “Кең дүниеге сыймай дуылдаған бозбала кезімде қайда едің?” деп өкінеді. Балқадишаның да қарақат көздері ойға тұнады. Таң қылаң бере Балқадишаның екі жеңгесі Ділда мен Ұмсын келіп, Ақан серіден рұқсат сұрайды. Ләйліге есі кеткен Мәжнүндей хал кешкен Ақан сері сан түрлі ойға шырмалып, риза көңілмен рұқсатын береді.

Арада біраз күн өткенде Ақан сері сол маңдағы ауылдарды әнмен сусын­да­тып, Жыланды жағына барғанда Бал­қа­ди­шаның ұзатылғанын естиді. Естіп, іңкәр жүрегі талып, көзіне жас алып, тұла бойынан “Балқадиша” әні шығады:

“Қызы едің Ыбекеңнің, Балқадиша,

Өзенді өрлей біткен, тал Қадиша.

Сексен қыз серуенге шыққан кезде,

Ішінде қара басың хан, Қадиша.

 

Дегенде, Балқадиша, Балқадиша,

Бұралған белің нәзік, тал Қадиша.

Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,

Рұқсат, бізден сізге, амал не, бар, Қадиша.

Үміт шырағындай көрінген Балқадиша Таң Шолпаны секілді алыстай береді… алыстай береді…

(“Егемен Қазақстан”,

2014 жылғы 30 шілде,

ықшамдалып алынды).

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.