Сіз мындасыз: Home Руханият АҚАН СЕРІ ӨМІРІНІҢ АҚИҚАТЫ

АҚАН СЕРІ ӨМІРІНІҢ АҚИҚАТЫ

Өнер сүйген кісіні жан рахатына бөлейтін, мейіріңді қандырып, көңіліңді сергітетін “Бір кезде Ақан едім аспандағы” деп

аталатын ғажап кітап шықты жақында. Авторы – қазақтың көрнекті қаламгері әрі сүйікті композиторы Илья Жақанов.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.

Әлқисса

 

Хикаятта Ақан сері Қорамса ұлындай ел еркесінің шырмауықтай шыр­мал­ған, төрт аяқтан күрмелген өмірінің ерте­гіге бергісіз шындығы, сүйініші-күйі­ніші, ғажап пен азапқа, ләззат пен тозаққа то­лы таңғажайып тауқыметті тағдыры, қасі­­ретті, шиеленісті ғұмыры әсерлі әрі на­­нымды баяндалады, бұланадай биік тұл­ғасы шебер сомдалады. Бұрын белгісіз болып келген көп­теген жаңалықтармен, деректі, дәлелді ай­ғақ­тармен, парасатты пайымдармен зерде­ленеді. Құлагерді өлтірген Батыраш емес, Барақбай екендігіне мүлтіксіз дәйектер табады, Барақбайдай, Жүсіп төредей, Бегалыдай қызғаншақтардың іс-әрекеті әшкереленеді, осы күнге дейін жұрттың жадында жағымсыз образ болып қа­лып­тасып қалған Жанбота болыс­тың, Жал­­мұқанның, Хазірет Науан­ның қоғам­дағы орны, өмірдегі жарқын бей­несі қалпына келеді. Ақан серінің Құлаг­ер­ден басқа да Қоңырат (Салқоңыр), Көк­бесті, Қарабедеу, Біржан сал мінгізген Ақ­боз секілді тұлпарлары болғанының шын­дығына, Ақан серінің ақын жүрегіне от қойып, дертіне айналған қос Бәтима, Үш тоты (Ұрқия, Үрімі, Жәмила), Ақша­бақ, Жамал, Ақтоқты мен Балқадиша жайын­дағы ғажайып баянға қанығамыз. Түптеп кел­генде мұның бәрі қазақ ара­сында аңыз боп аты қалған Ақан сері­нің, оның “Әуе­де ұшып жүрген бейнебір ғайып”, “Баспа-бас қызға бермес” Құлагерінің, баянсыз махаббатының, бүкіл өмірінің осы күнге дейін беймәлім болып келген аса құнды дерегі, тарихы еді. Жүйелі зерттеу, ойлау, жазу мәдениеті жоғары автор бұл деректерді қырық жылдан бері ерінбей, жалықпай ел ішінен, архивтерден, әсіресе, Ақан өмір сүрген Көкше, Сырымбет өңір­лерінен, Қасым қарияның қоңыр дә­п­­­­терінен, Мағжан Жұмабаевтың зерт­теуі­­н­ен, Батыраштың, Ақтоқтының, Балқа­ди­­шаның ұрпақтарынан, өзге де көзкөрген­­­­д­ерден, анығын естіп-білгендерден ала­­­ды. Сөйтіп, сол дәуірдің шындығын, Ақан өмі­рі­нің ақиқатын алдыңызға жайып салады.

Илья 1985 жылы Еңбек Ері, совхоз директоры Ұлтай Нұрсейітовтің үйінде Ақан серімен аталас, Қасым қарияның баласы Ербаһрам Жандосовпен кездеседі. Ербаһрам – Ақан серінің жақын туысы. Ербаһрамның әкесі Қасым қария (1896 жылы туған) Ақан сері жайында өмір бойы жазған дәптерін Ильяға бір көрсетсем деп армандап жүреді. Ақан сері өмірінің бар шындығы, елеулі кезеңдері, айтулы оқиғалары осы дәптерде қамтылған.

Дәптерді сұраушылар көп болған, бірақ Қасым қария ешкімге бермеген:

Ақан сері әулетімізге ғана емес, халқы­мызға иіп бере салған Тәңірдің сыйы еді, ол жайында мына дәптерде жазылған дәйек­ті сөз, ауызша айтқан қыруар әңгімем – саған, сенің балаңа, балаңның баласына жете берсін.

Ақан сері дүниеден қайтқанда мен он жеті жаста едім. Түр-түсі, іс-әрекеті, мінезі, елде жоқ кірпияз қасиеті, домбыра шертісі, әндеткен үні… бар тірлігі көз алдымда. Басынан кешкен бағы мен сырын, кімді сүйді, кімге налыды… әр әнінің тарихы… Қоңыр аты мен Құлагерінің баянын… бәрін Ақан серінің өз аузынан естідім. Өзіме беймәлім көп жайды аталарымыз бен әжелеріміз, әкелеріміз бен аналарымыз, елдің есті кісілері айтушы еді. Маған отбасыдағы азын-аулақ малмүлік, дүние-жиһаздан гөрі әулетіміздің шежіресі дерлік осы дәптер қымбат. Менің саған қалдырар дүнием де, аманатым да – осы дәптер, – деп баласы Ербаһрамға тапсырған. Илья құнды деректердің негізін осы дәптерден алған.

Ақан сері – Қарауыл ішінде Малтабар. Арғы атасы Құдайқұл жүйрік ат мініп, ит жүгіртіп, құс салған даланың еркесі екен. Бозбала кезінде серіліктің әуресімен ауылға сыймай, думандатып ел кезіп, әндетіп ел аралап кетеді екен. Сөйтіп жүріп бір жылы Қанжығалы елінде қызойнақта көкірегі әнге, арманға толы Кенжебикеш деген қызды ұнатып, алып қашады. Құдайқұл мен сол Кенжебикештен – Сапақ, Бекназар, Жаназар туады. Бекназардан – Жарқын, одан – Қорамса, Қорамсадан – Ақжігіт (Ақан сері); ал Жаназардан – Ибраһим, одан – Жандос, Жандостан – Қасым, Қасымнан – Ербаһрам туады.

Қорамса інісі Жандоспен ғұмыр бойы іргесі бөлінбей, ата қоныстары – Қоскөлдің жағасында, Кеңащы, Көлденең, Қараталдың бойында бірге көшіп-қонып жүрген. Жаз жайлауы, қыс қыстауы да бір болған. Сондықтан да олар іргесі бөлінбеген Қорамса әулеті аталып кеткен.

 

Қоңыр ат және Құлагер трагедиясы

 

Алты жасқа дейін Ақан серінің тілі шықпаған екен. Бір жылдары салдықтың салтымен Біржан сал Қорамсаның қонысы Қоскөл­дің жағасына қызыл, сары, көк шатыр тіктіріп, аспандата шырқатып әнге салады. Ауыл балалары да сол маңға жи­налады. Бала Ақан таң-тамаша қалып, аузын ашып, Біржанның әнін ұйып тыңдайды.

Дәл осы сәтте кішкентай ғана Ақанның бала­пан жүрегін қандай сезім билегені белгі­сіз, кенет “Алақай!… Алақай!” деп шатыр жаққа қарай тұра жүгіреді. Сол күні Ақанның тілі шығып, Қорамсаның үйін­де ақ түйенің қарны жарылған қуаныш, дуыл­дасқан той болады.

Алла тағала сездірді ме, кім білсін, Бір­жан сал өз әніне елден ерек елтіген, қоңыр қозыдай момақан, кіп-кішкентай Ақанды бауырына басып, мейірлене тебіренеді, үкілі домбырасын береді. Біржан салдың Ақан серіге ұстаздығы осылай басталады.

Ақан серінің әкесі Қорамса құрығы ұзын, кімнің кім екенін тани білетін, орта­сына сыйлы кісі болған. Саудасы жүріп тұрған күндердің бірінде әдеттегіше Атба­сар жәрмеңкесіне барыпты. Тобыл жақтағы Қыпшақтың дәулеті шалқыған бір ырысты мырзасымен алыс-беріс жасап, сыйласып жүреді екен. Сол досы жәрмеңкеге келіп, жылқы сатыпты. Жылқыларының ішіндегі басымен алысқан, билеп, ойнақшып, шиыршық атқан, ерке қарагер құнанға жұрттың бәрі қызығыпты. Таласып, бірінен-бірі саудасын асырыпты. Солардың ішінде алпауыт Көкжал Барақбай да болыпты. Қарагердің бағасын түсірмек болып: “Ұршықша иірілген не бұл өзі? Қостанайдың сығандары сататын атының аузына арақ құйып, өстіп еліртіп, есіртіп қоюшы еді, оны Баттал да үйренген екен ғой”, – деп даурығыпты.

Баттал күлімсіреп, Қорамсаның иығы­на қолын салып:

Қореке, дос-көңілдес жандармыз, екеуміздің арамызға сауда жүрмейді. Ақан деген бұлбұлың бар, соның бәсіресі болсын, қарагер құнан сенікі, – депті. Батталдың сөзін естіп тұрған Барақбайдың содан бастап ішіне қан қатады.

Арада аттай алты жыл өтеді. Ақан сері он алтыға толады. Әлгі Барақбайдың өлшеусіз байлықпен мейманасы тасып, Ақмола уезіне сөзі өтіп, жиған малы жер-көкке сыймай, түкірігі жерге түспей тұрған кезі екен.

Барақбай Қарауыл – Кемел ішінде Нұртаза болыс пен оның інісі Сүлейменді желеп-жебеп жүреді, ым-жымы, ымырасы бір болыпты.

Бір күні Барақбай мен Сүлеймен Қоскөл­­ді жағалап келе жатып Қорамсаның күлтеленген жылқыларына көзі түседі. Алдарынан бір қоңыр ат жұлдыздай ағып өтеді. Бұл баяғы Қыпшақ байының сый­лаған қарагерінің тұқымы еді. Қорамса оны үйірге салады. Сол жануар текті мал екен, Қорамсаның сары биелерінен ылғи жүйрік туады. Бір күні Барақбай Сүлейменге:

Аққан жұлдыздай боп көрінген сол бір ат көз алдымнан кетпей, құрғыр түн ұйқымды төрт бөліп, құса қып қойды, дертіме айналды. Ердің құнын сұраса да сол атты маған алып бер, – деп қолқа салады.

Қаншама қолқаласа да Қорамса:

Бұл Ақанымның бәсіресі, – деп бермейді. Содан бастап Барақбай Қорамсаға кектенеді.

Бір жолы Қорамса Омбыға екі үйір жылқы апарып сатады. Солардың ішінде әлгі екі сары бие, соңынан ерген қоңыр тай бар екен. Қорамса Ертістің бергі беті – Қаржас ауылының шетінде тұрып саудаласыпты. Қоңыр тайды бермей алып қалады. Сатып алған кісі жылқыны Ертістің үстінде салмен алып бара жатқанда қоңыр тай – екі енесіне, екі енесі қоңыр тайға қарап, ұмтыла шұрқырасып, жағалау азан-қазан болады. Қоңыр тай бұлқынып, тулап, босанып кетіп, жібек арқанымен өзін-өзі өзенге тастап жібереді. Жылқы тиеген сал арғы жағалауға жете бергенде қоңыр тай да қалқып судан шығады. Қорамсаның айқайын ешкім естімейді. Қоңыр тай енелеріне қосылып кете барады.

Осы бір ісіне күйіп-піскен Қорамса:

Ақанымның қоңыр тайы… Құлы­ным­­ның бәсіресі… – деп, жылқы алған кісі­нің қайда тұратынын сұрап біліп, Ертістің арғы бетінен қоңыр тайды тауып алады. Кейін Ақан сері “Қараторғай” әнінде:

Ертістің ар жағында бір терең сай,

Сүйреткен жібек арқан телқоңыр тай”

деп егіліп, елжіреп есіне алады ғой. Сол қоңыр тай өсе келе әйгілі Қоңыр ат болып, Ақан серінің бозбала шағын шалқытады, үстінде қалықтап, көкте жүзгендей болады. Қолында көк қаршыға шаңқылдап, соңында сұлу құмай тазылар сумаң қағады, серілік жолына түседі.

Қорамса Ақан серіге Ноғай Қарауыл ішін­дегі Бадырақтың Бекбасының Бәтима есім­ді қызын атастырады. Бәтиманың үл­бі­реген уыз пішіні, тал бойына жарасқан ақыл-парасаты, әнді сүйген нәзік сезімі, бал қылығы Ақан серіні үйіріп алады. Ақан сері Ақсу мен Қоскөлдің арасын жол қылып, күн демей, түн демей жосылып, ай қалқыған мақпал түнде бозторғай сілкінген боз таңға дейін Бәтимамен сырласады. Бірте-бірте Біржан сал секілді Ақан сері де бұл өңірді әнмен тербейді. Қайыншылап жүріп, Төрелер ауылында, Сұлушоқыда Қоңыр атты тоқ бәйгеге қосады. Қоңыр ат ешбір ат­ты маңына да ілестірмейді. Содан бастап Жү­сіп төренің ішінде сөнбейтін қызғаныш оты тұтанады.

Сол кездерде қыс түсе сүзек індеті жұрт­ты қынадай қырып өтеді екен. Желегі желкілдеп, алдағы мамыр айында ұзаты­лайын деп отырған Бәтима кенет осы дерттен дүние салады. Үміті үзілген ақынды шер күйігі езеді.

Уақыт – емші” дегендей, екі жыл өткен соң Ақан сері Шомат қажының Бәтима­сына көз салады. Қорамса Ұлыкөлді жайлап отырған Біржан салға:

Шырағым Біржан, Ақаныңның жүзіне шырай кірді. Бір келіп кетсең, Ақаның жүзіңді көріп, лебізіңді естіп, одан сайын көтеріліп қалар еді, – деп сәлем жолдайды.

Біржан сал Керей еліне белгілі Данияр ұстаға Ақанға лайықтап жасатқан, ақ күміс жапқан қырғыз ерін ала келеді. Онысы Қоңыр атқа жараса кетеді. Бірнеше күн ән салып, осылай Ақанның құлазыған көңілін көтеріп, қайта сергітеді.

Біржан сал ауылына қайтатын күні Ақан серіге тобылғы сабы алтынмен бу­нақ­талған сегіз өрім қамшысын береді. Ат төресі Ақсеркешінің кекілінде желкіл­деген үкіні Қоңыр аттың кекіліне тағады. Қыран құс қондыратын қызыл аршадан жасаған балдағын да беріп кетеді.

Қабағы ашылып, көңілі көтерілген Ақан сері:

Салқоңыр, тізгінің бос, жолың ашық,

Баратын жерім шалғай, жерім қашық.

Үстінен Айыртаудың қарайын бір,

Көзіме көріне ме сүйген ғашық?”

деп атқа қайта қонады.

Басыңда кәмшат бөркің жарқырағын,

Иығыңда алтын шолпың жалтырағын.

Сыпатың жұмақтағы хор қызындай,

Үніңнен айналайын қалтыраған”

деп жүріп, Шомат қажының Бәтимасына үй­ленеді. Бәтима Ақан серінің қараңғы көңі­ліне сәуле шашып, мұңды жүзіне шы­рай береді. Қоңыр атпен көлеңдеген Ақан сері айдарынан жел ескен бір бекзатқа айналады.

Тұлпарын жиі-жиі таңасырып, қу құрсақ етіп ашықтырады. Ат моншасына бұлаулап, қамау терін алдырып, артық етінен арылтады.

Әбден бабына келген Қоңыр атты Көкшетаудағы Балуан Шолақтың: “Кешегі сентябрьдің базарында, сындырдым Карон палуан қабырғасын” деп айтатын Сентябрь жәрмеңкесінде бәйгеге қосады. Қоңыр ат бәйгеден жеке келеді.

Келесі жылы жазда Көкше жерінде Шұғыл Бәйгес деген әкесіне ас беріп, екі жүз аттың ішінен бәйгеде Қоңыр ат алдына қара салмайды. Бәйгесіне он жылқы, кілем жапқан ақбас атан, елу қой алады.

Күн сайын даңқы аспандаған Ақанын ел ардақтап алақанына салады. Бірде Қып­­шақтың алтын айдарлы батыры Сы­рым­­бет­тің атымен аталатын, Көкшенің қиял қоз­ғайтын жәннат жерінің бірі – Сырым­бетке келеді. Бұл – талай ғашықтың өзегін жарған Сырымбет, Абылайдың ізі қалған, Шал ақын толғап жыр төккен, Біржан сал­дың әні қалықтаған, Шоқандай кемеңгер ту­ған, Уәли хан әулеті салтанат құрған жұмақ жер. Бірнеше күн бойы осы өңірде ел-жұрт­ты әнімен риза қылған Ақан серінің Сал­қо­ңыры Жүсіп төренің ауылында ойда жоқ­та кермеде шоңқиып, екі аяғымен жер ті­реп, бөксесін көтере алмай, аузынан көбігі ағып, екі көзі адамның көзіндей жаудырап, адамша ыңыранып, иесін қия алмай, жан тапсырады.

Қоңыр аттың жұмбақ өлімі Ақанның жанына қатты батады. Жыландай ысқыр­ған қамшысымен жерді осқылап сабай береді…

Көп ұзамай, Бәтимасы босанып, Ақан сері жиырма үш жасында перзентті болады. Нағашысы Шөкетай құтты болсын айта келіп, Қорамса екеуі Қоскөлді жағалай жайылған жылқыларды аралайды. Жұрт мақтайтын қарагер айғырды көреді. Жал-құйрығы жер сүзген апайтөс, кеудесі толқын жарған Ыстамбұлдың кемесіндей, шоқтығы биік, екі көзі маздаған шоқтай, кісіге адамша қарайтын жылқыны көріп, бірден көзіне Қоңыр атты елестетеді. Оның осы қарагер айғырдың тұқымы екенін білуші еді. Сөйтіп тұрып, сары биенің қасында жас құрақты бырт-бырт үзген бір еркек қара тайға көзі қадалады. Үйге оралған соң, шай үстінде Шөке­тай:

Қореке, малыңның құты болған қара айғырың әлі бабында екен. Дүние деген итті тауып жүрміз ғой, мен де бір кәдеңе жарармын, әлгі қара тайың көзіме жұлдыз боп көрінді, соны маған қи, – деп қолқа салады. Қалағаның осы болса деп, Қорамса қара тайды жетектетіп жібереді.

Арада жылдар өтеді. Сол қара тай азулы, айбынды қара айғыр болады. Бір боз биеден туған құлындары шетінен жүйрік шығып, төңірегін таңғалдырып жатады.

Қорамса бірде Шөкетайдың ағасы Елторының шаңырағына келіп түседі. Өткен-кеткен әңгіме айтылады. Ақанның Қоңыр аттан айрылып, күйзеліп жүргені сөз болады.

Елторы:

Қореке, бұл жайға біз де қанықпыз. Барып қайтайын деп талай оқталдым, қу тірліктен шыға алмадым. Ана жылы сіздің қарагер айғырыңыздың үйірінен алып келген қара тай бүгінде әйдік айғыр. Содан бері Шөкетайдың жылқысы да бірте-бірте текті тұқымға айналды. Сол арқасы қоңыр, бауыры сап-сары ерке құлыныңыз биыл құнан шықты. Біз оны Құлагер дейміз. Құлагер осы өткен сәуірде үйірге таласып, мына Ащылы төңірегін азан-қазан, у да шу қып, өзімен жасты сәуріктің бәрін шыңғырта шайнап, тепкілеп, жылқыдан бездіре қуды. Онымен қоймай, көрші ауылдың азулы айғырларымен шайнасып, қызыл ала қан боп, қасқыр талағандай жарақаттана берді. Бүйте берсе, бір күні майып болар деп, Шөкетай екеуіміз ақылдасып, піштіріп жібердік. Әп-сәтте жыны басылды. Жуас. Астынан бала жүгіріп өтсе де тырп етпейді. Қоян жақ. Бөкен қабақ. Кекілі келте. Жалы сұйық. Алқымы алқа-салқа. Салпы ерін. Тоғыз шелек су ішсе де бүйірі шықпайтын қу құрсақ. Артқы екі аяғының арасы далиып жатқан кең дала… Талтақтай басқанын көрген сыншы біткен, шіркін-ай, біздің қолға тисе ғой мұндай пырақ деп шерменде болып жүр, – деп ұзақ сонар әңгіме айтады.

 

(Жалғасы бар).

(“Егемен Қазақстан”,

2014 жылғы 30 шілде,

ықшамдалып алынды).

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.