Сіз мындасыз: Home Руханият КЕНЖЕ ҰЛДЫҢ ОРНЫ ойсырап тұр-ау бүгінде...

КЕНЖЕ ҰЛДЫҢ ОРНЫ ойсырап тұр-ау бүгінде...

Кенже бала туралы тақырып бірде іссапарда жүріп, Қарттар үйінде болған кезімде ойға оралып еді.

Қарсы алдымда жанарымен жер шұқып қазақтың қара шалы отырды. Уақыттың қатал тезі тоздырғанымен, бір кезде екі иығына екі кісі мінгендей атпал азамат болғандығы андағайлап көрініп тұр. Сол азамат бүгінде тағдырдың салған жүгін көтере алмай, еңкіш тартқан, еңсесі төмен түскен. Еңсесі ғана емес, рухы да. Саусағының ұштары тынымсыз дірілдейді. Әлде жүйке, әлде сары уайымның салдары. Жүзіндегі айғыз-айғыз әжім өкінішпен өткен өмірдің терең соқпақтары тәрізді. Жасаураған көзінің аясынан мөлт-мөлт етіп шыққан жалғыз тамшы ұзын кірпіктің ұшынан үзіліп түсіп, терең әжімнің бойымен төмен қарай сорғалап бара жатты. Тағдырына налыған, қасқағым сәтте өте шыққан қайран да қайран ғұмыр соңы, мағынасыз өмірдің ащы запыраны қиындықты көп көрген кеудеге кептеліп тұрып қалған тәрізді, анық, айқын сөйлей де алмайды. «Өмірдің басы – сайран, соңы – ойран» деген осы-ау, сірә...

Бар айтары – «Тәубе». Несі тәубе, қай жетістікке тәубе?!. Асарын асап, жасарын жасап, кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда жер басып, тірі жүрген сегіз бала асқар таудай әкелеріне қарамай кетіп, Қарттар үйін паналап отырғандығы ма?.. Сол кезде ойыма қазақтың сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан кенже бала дәстүрі оралған. Бұл дәстүрдің, һәм қасиетті ұғымның оңбай ойсырағанынан шығар-ау, бұрын мұндай үйдің төріне озбақ түгіл, босағасынан аттап көрмеген қариялардың бойдағы қуат, жанардағы от азайғанда Қарттар үйін паналауы?

Кенже ұл – отбасының ең кішісі. Ықылым заманнан бері шаңыраққа ие болып қалу, ата-ананы бағу осы кенже баланың маңдайына жазылған парызы мен қарызы еді. Бүгінгі күні осы дәстүрдің пышақпен кескендей сап тыйылуы орны толмас өкінішке ұрындырып отыр.

Ілкі заманда кенже ұл ата-ананың көзінің ағы мен қарасындай өте қымбат бала болатын. Өйткені, ол осы қара шаңырақтың мұрагері және нақ иесітұғын. Сол есептен де ата-ана оған үлкен жауапкершілік артып, өзінің ақыл-кеңесін айрықша ілтипатпен беруге тырысатын. Өзге баладан гөрі кенже баланы көбірек еркелететін. Әрине, отбасының үлкен балалары да ата-анасына көмек берулері керек. Бірақ, негізгі салмақ кенже баланың мойнында еді.

– Қазіргі күні Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарайтын біздің отыз үйлі Егінді-ағаш ауылында әулеттің қара шаңырағын ұстап қалған – ағамның баласы, Мұқыш шалдың немересі Қазбек қана. Жасымыз жер ортасынан ауғаннан кейін жүріп-тұру қиын. Сонда да алтын бесік – ауылды аңсап, сағынып барамыз. Сағыныштың самалы көкіректегі көп ойды тербеткенде, туған жердің гүлі түгіл, жусанын сағынасың. Сондай сапарда ат басын тірейтін жер – сол Қазбек отырған қара шаңырақ. Атамыз Мұқыштан қалған қара шаңыраққа ие болып қалған Қазбек інім мен Раушан келінімді осы білгендіктері үшін айрықша жақсы көремін. Келінімнің маңдайынан иіскеп, інімнің арқасынан қағамын. Біздің ауылда бұлардан басқа, қара шаңырақтың берекесін қожыратпай ұстап қалған кенже бала және жоқ, – дейді белгілі айтыскер ақын, журналист Жұмабай Есекеев.

Кенже бала жалғыз бір ғана шаңырақтың иесі емес екен. Бір шаңырақ, бір әулет былай тұрсын, бұл дәстүрдің тұтас ауылға қатысы бар. Айталық, әр шаңырақта кенже бала қалып, үйге ие болып, түтін түтетіп отырса, сол отбасынан әлденеше бала өрбімес пе еді. Бала болса, шағын ауылдардың түп қазығы болып отырған мектеп те жабылмайды.

Демек, кенже бала ғұрпы әулеттің ғана тағдыры емес, тұтас ауылдың, елдің тағдырына әсер етеді екен. Бұл күнде кенже баланың туған жердің топырағынан табан аударуының бір себебі – жұмыссыздық. Егер ауылда жұмыс болып, ай сайын тұрақты жалақысын алып отырса, кенже балалар ата-анасына қамқор болып, әлпештеп бағып, аялап күтіп, қара шаңырағында отырмас па еді? Кенже балалардың өсіп жетілген ұясын тастап, үдере көшуі шаңырақтың ғана емес, ауылдың да қабырғасын қаусатып кетті.

Кенже баланың қара шаңырақтан ат құйрығын үзіп кетуінің тағы бір себебі – келін мен ененің арасындағы қарым-қатынас. Оның да себеп-салдары біздіңше тым әріде жатыр. Бағзы замандағыдай әр шаңырақтан әлденеше баланың өрбуі сирек көрініс. Қазір қалалық жерді былай қойып, ауылдың өзінде бір-екі баламен ғана шектеледі. Ал психолог мамандардың айтуына қарағанда, жалғызжарым өскен балалар өзімшіл. Тек өз қара басын ғана ойлайтын адам болып қалыптаспақ. Ал ондай келіннің көпшілік ортада, жаңа отбасында сыйыса білуі оңай емес.

– Моңғолия қазақтарында ұлтымыздың бұрынғы дәстүріне әлі күнге дейін қылаудай кіршік түскен жоқ, – дейді оралман бауырымыз Гүлжан Ахметова. – Келін болып түскенде қиналғанымды көрсеңіз ғой. Өзімнің нақты қайынатам былай тұрсын, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші атаның атын атауға болмайды. Сөз арасында атаңның атына ұқсас сөз кетіп қалса, ұятқа қаласың. Жалғыз ол ғана емес, сан ғасыр бойы үзілмей жалғасып келе жатқан ата дәстүр мұқият, мүлтіксіз сақталған. Қазақтың қазақтығын танытатын да, қазақты ел қылатын да осы ата дәстүріміз. Шаңырақтың кенже келінін ағайын-туыстың, ауыл-аймақтың адамдары қалтқысыз сыйлап, құрмет көрсетеді. Кенже келін де өз кезегінде сыйластыққа сызат түсірмеуге тиісті. Кенже келіннің қолынан ет жақын ағайын-туысты былай қойғанда, көрші-қолаң, ауыл-аймақ ас ішеді. Адамдардың арасындағы қарым-қатынасты, алыс-берісті реттеп, барлық іс-әрекетке ұйытқы болып отыратын да кенже келін.

Осыдан отыз-қырық жыл бұрын ауылдағы ағайын ұлын бес-алты жасынан бастап атқа мінгізіп, шөп шапқызып, отын үйдіріп, еңбекке баулитын. Қазір соңынан ерген жалғыз «қарағымына» күннің көзін, желдің лебін тигізгісі келмей өбектейді. Бұрын дәл осылай болып па еді? Қазақтың ұлы ойшыл ғұламаларының бірі Жүсіп Баласағұни өзінің «Құтты білік» дастанында: «Балаға тәрбиені отбасында бер», – деп қадап айтқан. Ал «Әкесін аман сақтап қалу үшін жанын қиған ұлдың өлімі – ең бақытты өлім», – деген өсиеті ше?!.

– Өр Алтайдың арғы бетіндегі, Қытай еліндегі қалың қазақ ата дәстүрге мықты, – дейді Қытай мемлекетінің еңбек сіңірген әншісі Төкен Ілияс. – Оларда да Қарттар үйлері бар. Бірақ, бір қуанатыным – соларда бірде-бір қазақ жоқ. Ол, ең алдымен, кенже балалардың қара шаңыраққа ие болып қалуынан. Тіпті, білімді, дарынды балалардың өздері де шаңырақтан ұзап кетпей, ата-анасының қасында отыр. Олар – ата салтты берік ұстанып, өз қара басының мүддесінен ата-ананың алдындағы парызын жоғары қоя білген ар-намысы биік жандар.

Иә, жиырма бірінші ғасырда болашаққа қалт-құлт етіп бара жатқан қараша ауылдарымыздың шаңырағы ортасына түспеуі үшін, перзенттеріне жарық дүниені – өмір дейтұғын ғажайып сыйды ұсынған ата-аналар ботасынан айрылған аруанадай боздап қалмауы үшін қазақ қоғамына кенже ұл дәстүрі ауадай қажет сияқты.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,

журналист.

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.