ТҮТІНІ ТҮЗУ ҰШҚАН МЕҢГЕСЕР

Мамлют ауданы тұрғындарының өзекті деген жол мәселесі шешімін табатын болды. Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов

аудандағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігіне жасаған сапарында жолдың жағдайын байқады. Қазір Новомихайловка ауылдық округінің бірнеше елді мекенін жалғайтын жолдың шамалы бөлігі жөнделуде. Атқарылған шаруаның көлемін байқаған облыс әкімі жауапты басшыларға келесі жылы тозығы жеткен күрежолдың бірден 15 шақырымын жаңартуды тапсырды.

Мамлют ауданындағы 4 елді мекенді байланыстыратын күрежолды жөндеу жұмыстары өткен жылы басталды. Әзірге Становое, Новомихайловка, Раздольное мен Меңгесер ауылдарының арасындағы тек 1 шақырым 600 метрлік учаске жөнделіпті. Биыл тағы екі шақырымнан астам жолды жаңарту жоспарланып отыр. Өңір басшысы аталмыш учаскеде мердігерлермен кездесті. “Петропавл жолдары” және “Дот” серіктестіктері қолға алған жобаның құны – 500 миллион теңге. Ол екі жыл ішінде игерілуі тиіс. Аталған ауылдарға баратын жолдардың жағдайы нашар. Бұл жерлерге “күрек тимегеніне” ондаған жыл болыпты. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исмановқа келер жылы бұл бағыт бойынша 15 шақырым учаскені қалыпқа келтіруді тапсырды.

Бұдан кейін өңір басшысы Меңгесер ауылындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінде болды. Шаруашылық ангус тұқымды ірі қара өсірумен айналысады. Осы жылы мұнда қолдан ұрықтандыру арқылы 197 бас төл алынған. Аталмыш тәсілдің енгізілгеніне 3 жыл болыпты. Мұнда, сондай-ақ, ірі қарамен қатар, егіншілік те өрістеп келеді. Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жердің жалпы аумағы – 30 мың гектар, егістік 18 мың гектарды құрайды.

Меңгесердегі Мәдениет үйі де облыс әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Ғимараттың ішінде спорт залы бар. Онда ауыл азаматтары тегін жаттыға алады. Мәдениет үйінде кітапхана да жұмыс істеп тұр. – Кітап қоры 7 мың данадан асады. Жылына шамамен 600-ге жуық адамға қызмет көрсетеміз, – дейді кітапханашы Галина Белоусова.

Серіктестік басшысы Еркебұлан Мәмбетовпен әңгіме барысында Ерік Сұлтанов шаруашылықтың жұмысына оң баға беріп, тұрғындарды толғандырған жол мәселесі келер жылы шешімін табатындығын айтты. Асылтұқымды ірі қара санын арттыруды жоспарлаған қожалық келер жылы тағы 600 бас симменталь сиырларын сатып алмақ.

“Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі өз кәсіптерін ғана ойламай, ауылдың жағдайын жақсартуға да көп көңіл бөледі. Меңгесерде түтін түтетіп отырған 250 үйдің әрқайсысына су жеткізілген. Жаңа үйге өтініш білдірген шаруашылық еңбеккерлері баспанамен де қамтамасыз етілуде, бұл мақсатта ауылда биыл тағы 4 үй салынуда.

Данаш ХАМЗИНА,

  журналист.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.