БЕЛЬГИЯНЫҢ ЕЛШІСІ – ҚЫЗЫЛЖАР ТОПЫРАҒЫНДА

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Бельгия Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Мишель Петермансты және Бельгия елшілігінің сауда-экономикалық бөлімінің басшысы Лейла Алиеваны қабылдады.

Жүздесу барысында Бельгия Корольдігі мен Солтүстік Қазақстан облысының өзара экономикалық серіктестігі саласында ілгері басушылықтың байқалатынын айтқан өңір басшысы бұл кездесу екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Өткен жылы Бельгия мен Солтүстік Қазақстан облысының тауар айналымы 9 миллион долларды құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артық. Кәсіпкерлік саласына елімізде көп көңіл бөлініп келеді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңіне қатысуға ниет білдірген аймақ кәсіпкерлерінің саны мұның алдындағы кезеңмен салыстырғанда үш есе артық. Бұл инвестицияның артуына әкелері сөзсіз. Бельгиялық кәсіпкерлердің де Солтүстік өңірдегі бизнес саласына қызығушылығы арта түседі деген сенімдеміз, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде бельгиялық елші де халықаралық серіктестік елдердің экономикалық әлеуетін арттыра түсетінін жеткізді. Ал Бельгия экономикасының даму барысына тоқталған елшіліктің сауда-экономикалық бөлімінің басшысы Лейла Алиева корольдікте энергияны үнемдеу, экологияны жақсарту, қоқысты өңдеу технологияларын дамытуға ерекше басымдық берілгенін айтты. “Екі ел экономикасында ауыл шаруашылығы секторы мен шағын және орта бизнесті дамыту бойынша өзара ұқсастық жеткілікті. Бұл да кәсіпкерлердің өзара серіктестігіне сеп болары сөзсіз”, – деген Лейла Алиева екі күндік жұмыс сапары барысында облыстағы ірі кәсіпорындармен танысу арқылы кәсіпкерлік көкжиегін кеңейте түсетіндігіне сенім білдірді.

Ерік Хамзаұлы ауызсуды тазарту, электр қуатын үнемдеу, био-газ қондырғысы, қоқыс өңдеу технологияларын орнату бойынша бельгиялық кәсіпкерлердің тиімді ұсыныстары қолдау табатынын айтты.

Бельгия Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Мишель Петерманс және елшіліктің сауда-экономикалық бөлімінің басшысы Лейла Алиева облыстық Кәсіпкерлер палатасында болып, онда олар жиналған қауыммен бірге екі ел арасында инвесторлық жүйені дамыту және тауарлық алыс-берісті жандандырудың жолдары мен мүмкіндіктері туралы ойларын ортаға салды.

Алдымен қонақтар өңіріміздің экономикалық және инвестициялық даму үдерісінде орта және шағын кәсіпкерліктің алатын орны және отандық тауарөндірушілерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау, өңіріміздің географиялық орналасуының бизнеске қолайлығы және шетел инвесторларын тарту бағыттары туралы ақпаратқа қанықты. Сондай-ақ, Қазақстанда инновациялық жоба ұсынған инвесторлардың ниеті жақсы қабылданатыны айтылды.

Өңіріміз 2012 жылдан бері Бельгия Корольдігіне 8,5 миллион доллардың өнімін экспорттаған. Олар бізден ауыл шаруашылығы өнімдерін, дәлірек айтсақ, зығыр, рапс және тарыны сатып алуда. Ал бұл елден біздің өңірге енгізілетін тауарлар: ауыл шаруашылығы техникалары мен қосалқы бөлшектер, құрғақ сүт, жеңіл көліктер, медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер. Осы орайда қонақтар өңірімізде комбайн жинақтайтын орталық ұйымдастыруға, консервіленген өнімдер шығаратын кәсіпорын ашуға, құрылыс саласына инвестиция салуға мүмкіндік зор екенінен құлағдар болды.

Елші Бельгия мемлекетінің бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалын сөз етті. Индустриясы жоғары елде өнеркәсіп пен қызмет көрсету салалары қарқынды дамыған. Жер аумағы Қазақстаннан 6,5 есеге кем, алайда, 12 миллион халқы бар корольдіктің әлеуеті өте жоғары. Оған бір ғана мысал: жан басына шаққанда жылдық табыс 40 мың еуроны құрайды. Өз сөзінде елші бельгиялықтар Қазақстан мемлекетімен экономикалық, инвестициялық байланыс орнатуға қызығушылық танытып отырғандығын жеткізді. Өзінің осы жолғы сапары екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достық көпірін жандандыру, кәсіпкерлер арасында іскерлік байланыс орнатуға дәнекер болу үшін ұйымдастырылғанын айтты.

Жиын соңында елші кәсіпкерлермен пікір алысып, сауалдарына жауап берді. Жергілікті “Атай СК” құс фермасының басшысы Тимур Қожахметов осыған дейін бельгиялықтармен ауқымды бір жобаны жүзеге асырғандығын жеткізді. Бүгінгі таңда аталмыш кәсіпорын 10 миллион доллардың жобасын жоспарлап отыр. Осыған орай бельгиялықтармен әріптестік орнатуға әзір екендіктерін білдірді.

Елші бұл күні облыс орталығындағы басқа да бірнеше кәсіпорында болды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.