“КҮН ЖАЗ, ЕТ АЗ” ДЕСЕК ТЕ, жәрмеңкеге келушілер көп болды

Бұл жолғы жәрмеңке де әдеттегідей М. Жұмабаев көшесінің бойында өтті. Көше бойы тізілген ақ шаңқан шатырлардың бір

жағына – қаланың түрлі тағамдық өнімдер шығаратын ірілі-ұсақты кәсіпорындары, ал екінші жағына негізінен облыс аудандары орналасты.

Міне, “Сүт одағы” ЖШС-нің сауда орны. Сүт өнімдерінің көп түрі әкелініпті. Көрші шатырдың маңдайшасына “Алекри” ЖШС, “Экологиялық таза өнімдер” деп айшықты етіп жазылыпты. Бұл кәсіпорын жұмыртқа өндірумен айналысатынын көпшілік біледі. Бұл өтімді тауар болғандықтан, сатып алатындар да аз емес. Оның 10 данасы базардағыдай 170-180 теңге емес, 140 теңге екен. “Фрегат” ЖШС-нің әкелген шұжық өнімдерінің бағасы да көңілден шығады. Килограмы – 600-950 теңге аралығында. “Диқаншы” фирмасының бағалары мынадай, жоғары сортты 2 кг. ұн – 190 теңге, 5 кг. – 430, 25 кг. – 1900, 50 кг. – 3800 теңге. І сорты, 5 кг. – 350, 50 кг. – 3300 теңге.

Одан әрі “Петропавл ет комбинаты”, “Богатырский продукт”, “Казмясопродукт” және “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС-лері сауда жасап жатса, кезекте тұрғандар соңғысында көп. Себебі, жұмыртқаның (2-ші категориялы) 10 данасы – 130 теңге.

– Таң атар-атпастан жеттік. Жәрмеңкеге ауданымыздан 6 ауылдық округ қатысуда. Бұл жолы да қала тұрғындарының сұранымынан шығатын, қажет-ау деген өнімдерді әкелуге тырыстық. 4 қара мал, 4 қой, 2 шошқа жеткізілді. Сауда сөрелеріне 100 килограмм бал, 300 килограмм сүт өнімдері, 10 данасы 110 теңгеден 1500 дана жұмыртқа қойылды, – дейді Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің жетекші маманы Нұржан Нұркин.

Көкөніс өнімдері тиелген жүк машинасының алдына қойылған өнімдердің бағаларына да көз салдық. Картоп (килограмы) – 80, сәбіз – 170, қырыққабат – 45, пияз – 115, қызанақ – 180, қияр – 130, қызылша – 130, қарбыз – 45 теңге. Сол машинаның жанында жаңадан шыққан картоп 100 теңгеден де сатылып жатты.

Қызылжар ауданының сауда орнына бұрылдық. Жұртқа алдымен керегі ет екені де белгілі. Өтімдісі сиырдікі болса, оның килограмы – 950, қабырға – 760, төс еті – 940, бел омыртқа – 890, жауырын – 830 теңгеден. Сүттің литрі – 100, қаймақ – 650, жұмыртқа – 130, сарымай 900 теңгеден саудаланып жатты.

“Арқалық” шаруа қожалығы – қымыз өндірісін мықтап қолға алған танымал ұжым. 0,5 литрлік ыдыстағы қымыздың бағасы – 250, 1 литрі – 500 теңгеден. Сол жерде қолдың сарымайының килограмы 1300 теңгеден екенін де көрдік. Қымбат, әрине, содан да шығар, сатушының жанынан ешкімнің байқалмағаны.

Есіл ауданынан, сондағы Кіндікті, Камышное көлдерін жалға алушы “В. Смирнов” жеке кәсіпкерлігі де жәрмеңкеге келіп жетіпті. Олардың балықтарының бағалары қаладағыдан асып түспесе, кем емес. Табан балық – 160-300, ала-бұға – 320, тұқы 600 теңгеден болса, мұндай жерде кезекте тұрғандарды көресің бе?

“Наурыз – 2030” ЖШС-нің саудасы қызу жүріп жатты. Кезектегілер көп. Қияр – 80 теңгеден, “Лайм” сортты емдік қасиеті жоғары лимон 70 теңгеден сатылып жатты. Қауын артылған 1-2 жүк машиналары сонау Шымкенттен, Шардарадан келіпті. Оның бағасы 70-100 теңгеден аспайды. Базардағыдан әлдеқайда төмен. Лық толы пияз артылған жүк машинасындағы сауда жасаушылар оны көтерме бағамен – 30 теңгеге, килограмын 70 теңгеге сатып жатты. Бұл орайда да тағы базарға бұрылсақ, онда пияздың килограмы – 130-140 теңгеден.

– Жәрмеңкеге 33 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауарлар жеткізіліп, олар 15-20 пайыз төмен бағамен сатылды. 200 тонна жеміс-көкөніс солардың қатарында. Жұмыртқаның бағасы 130 теңгеден асқан жоқ. Оңтүстіктен қауын тиелген “КамАЗ”-дарды әдейілеп алдырттық, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов.

Жәрмеңкеге облысымыздың 8 ауданы қатысты. Ол алдағы уақытта үш апта қатарынан сенбі сайын жалғаспақ. Бұл жолғы жәрмеңкеге келгендердің арасында: “Еттің сапасы нашар, аз жеткізілген, бағасы базардағымен бірдей” деп, ауыз бұртитып, реніш білдіргендер де болды. Өз басым сойылған күйі жақсы қойды көре алмадым. Қымыз да аз болды. Ал құрт көзіме мүлдем түскен жоқ.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.