ЖАСАМПАЗ ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ

Құрылысшылардың кәсіптік мерекесіне орай С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында салтанатты жиналыс болып өтті.

Онда құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Ерік Сұлтанов еліміздің экономикасын дамытуда, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуда құрылыс саласының маңызы ерекше екеніне тоқталды. Құрылысшылардың тындырымды да тынымсыз еңбектерінің арқасында өңірімізде әлеуметтік-тұрмыстық нысандар – ауруханалар мен емханалар, мектептер мен балабақшалар бой көтеруде. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы одан әрі жүзеге асырылуда. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген міндеттер мен тапсырмаларды орындау барысында бұл саланың рөлі арта түспек. Тәуелсіздік алғаннан бергі аралықта қол жеткізген табыстарымыз бен жетістіктерімізге құрылысшылардың қосқан үлесі айтарлықтай.

Салтанатты басқосуда өңір басшысы Ерік Сұлтанов құрылыс саласындағы абыройлы еңбектері бағаланған бірқатар еңбек майталмандарын “Құрметті құрылысшы”, “Құрметті жолшы” төсбелгілерімен марапаттады. Сондай-ақ, бір топ озат облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды.

Облыс құрылысшылары қауымдастығының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, құрметті құрылысшы Сергей Тимофеев өзінің әріптестерін мерекемен құттықтай келіп, құрылыс саласындағы жұмыс алдағы уақытта да табысты жалғасып, халық игілігіне аса беретіндігіне сендірді.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.