ҮКІМЕТТІҢ ЖАҢА ҚҰРАМЫНА ЖҮКТЕЛЕР ЖАУАПКЕРШІЛІК МОЛ

6 тамызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Онда, негізінен, елдің экономика және әлеуметтік салаларының өзекті мәселелері қаралды.

Алқалы жиынды Елбасы кіріспе сөз сөйлеп ашты. “Үкі­меттің ағымдағы жылғы басты міндеттері айқындалып, шешім­дер қабылданды. Бұл – биылғы Жолдауда айтылған 2050-ге дейінгі бағдарлама. Біз осы ба­ғытта 30 өркендеген елдің қа­та­рынан көрінуіміз керек. Барлық өңірлерді менің тапсырмам­мен Үкімет басшысы аралап шықты, әкімдермен кездесті. Барлық жер­гілікті мәселелерді саралап берді. Мен жағынан шешілуі тиіс барлық мәселе шешілді. Бағдарламалар бекітілді, индустриялық жоспарлар бар. Дүниеде болып жатқан алмағайып ахуалдар, оның ішінде ТМД елдерінде орын алған оқиғалар аясында біз де жайбарақат отырмай, барлық мәселелерді сараптан өткізіп, қалай, не істеуіміз керектігі жайында ойлануға тиіспіз. Қазақстанға да осындай оқиғалардың қиындығы тиеді, ол қай бағытта тиеді, оның алдын алу үшін не істеу керек? Бұл ретте ең негізгі мәселе – экономиканы өркендетуді жолға қоюымыз керек. Бүгінгі әңгіме осы жайында болады”, – деді Елбасы сөз басында. Сонымен қатар, Пре­зидент жаңа Премьердің қызметке кіріскеніне бір тоқсан өткенін, соның қорытындысы жасалатынын атап өтіп, алдағы уақытта не істелетіні талқыланып, ортақ шешім қабылданатынын да айтты. Елбасынан соң Үкімет мүше­лері ағымдағы жылдың жеті айын­дағы елдің әлеуметтік-эконо­микалық даму қорытындыларын, Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруін қамтамасыз ету жөніндегі шара­лардың жүзеге асырылу барысын, сондай-ақ, алдағы кезеңге арналған басымдығы бар міндеттердің орындалу жайын баяндады. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев, Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев, “Бәйтерек” Ұлттық басқарушы холдингі” АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев есеп берді. Үкімет мүшелерінің есебінен кейін Мемлекет басшысы кеңейтілген отырысты қорытындылады. “Біз еліміздің әр саласын басқаратын Үкімет мүшелерінің есебін тыңдадық. Өздеріңіз көріп отырғандай, жұмыс істеліп жатыр. Жұмыстың барлығының қиын жағдайға қарамастан, істеліп жатқанына оң баға беруге болады. Соңғы кезде Үкіметтің жұмысы бірқалыпты жүйеге түсті, тездетілді деп ойлаймын. Шешімдер де өз мезгілінде, дер уақытында қабылданып жатады. Барлық салалар бойынша нақты жұмыстар қолға алынуда. Яғни, бүгін еліміздің әр саласында еңбек ететін Үкімет мүшелерінің баяндамаларынан аңғарғанымыз, бұл жұмыстар Қазақстанның әлемнің 30 дамыған елінің қатарына қосылуына бағдар болатын “Қазақстан – 2050” Стра­тегиясында көзделген міндеттерді жүзеге асыру бағыты бойынша жүзеге асырылуда. Төңіректегі жағдай оңай емес. Жаңағы берген есептерден көріп отырсыздар, экономиканың жағдайы да дүниежүзіндегі конъюнктураға біздің сыртқа шығаратын шикізат бағаларының тө­мен­деуіне байланысты мемлекеттің қазынасына түсетін ақшаның да төмендеуі орын алады. Сон­дықтан, халық мұны біліп отыруы керек. Әлеуметтік жағдайды төмендетпеуге мемлекет барлық жағдайды жасап, қарастырып отыратын болады. Дегенмен де, әр жерлерде ақшаны ысырапсыз, бекерге жұмсамай, оны үнемдеудің жағдайын ойлау керек. Тиімді пайдалану мәселесі – қазір айрықша назарда. Әр мекеменің дұрыс жұмыс істеуі, өз міндетін орындауы – осының барлығы мемлекеттің, Үкімет мүшелерінің алдында тұр­ған міндет болуы керек”, – деді Мем­лекет басшысы. Осылай дей келе, Нұрсұлтан Әбішұлы қазіргі қалыптасып отырған жағдайларға байланысты Үкімет алдында жаңа міндеттер тұрғандығына тоқталды. “Олар 7 түрлі бағыт бойынша жүзеге асуы тиіс. Біріншіден, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт іс жүзіне асатын болады. Біз Қазақстанның Бүкіләлемдік сау­да ұйымына кіруінің соңғы кезеңінде тұрмыз. Биылғы жыл­дың желтоқсан айына дейін Эко­номикалық әріптестік және даму ұйымымен ынтымақтастық орнату туралы елдік бағдарлама қабылданатын болады. Жаңа интеграциялық жағдайға сәй­кес, біздің экономикамызды әрта­раптандыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі тереңдетіп, жалғастыра беруіміз керек. Бұл орайда, Ресей және Беларусь елдеріндегі өңір­лермен белсенді жұмыстар жүр­гізудің және олардың қажет еті­летін жерлерінде сауда өкіл­діктерін ашудың уақыты келді”, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы экспортты әртараптандыру үшін қажетті маңызды бағыт ретінде көлік маршруттарын дамытуды атады. Бұл ретте, Н. Назарбаев “Қорғас – Шығыс Қақпасы” арнайы экономикалық аймағы “құрғақ порты” құрылысын аяқтаудың және Ақтау мен Құрықта теңіз порттары инфрақұрылымдарын құру мен дамудың өзектілігіне айрықша тоқталды. “Мәселен, Ақтау мен Құрықтағы теңіз порттары – бұл өте маңызды порттар”, – деді Елбасы өз сөзінде. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Парсы шығанағы мен Тынық мұхит жағалауы елдерінде бос қоймалар құрылысын бастаудың мүмкіндігін қарастыру мәселесін де назарға алды. Отырыс барысында Н.На­зар­баев 2014-2015 жылдар ара­лығында экономиканы дамытуға жаңаша серпін беру үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданғанын тілге тиек етті. Олардың ішінде шағын және орта бизнесті несиелендіруді қолдау мақсатына 100 миллиард теңге қарастырылған. “Бұл ақшаны біз, өзімізде артық ақша болғасын бөліп отырған жоқпыз. Бұл нарықта осындай конъюнктура және қазіргідей дағдарыс жағдайы орын алғаннан кейін қолға алынып отырған үдеріс. Яғни, біз бұл қаржыны елдің экономикасының дамуы тежелмеуін көздегендіктен бөліп отырмыз. Бұл – маңызды міндет. Мәселен, банктік секторды сауықтыру үшін 250 миллиард теңге бөлініп отыр. Егер екінші деңгейдегі банктер жақсы жұмыс істемесе, экономика да дұрыс жұмыс істемейді. Ал индустриялық және инновациялық дамуды жүзеге асыруға да 250 миллиард теңге бөлінді. Мәселен, 3 айдың ішінде шағын және орта бизнестің жалпы сомасы 78 миллиард теңге болатын жобалары мақұлданды. Жалпы алғанда, жобаларды қаржыландыру 47 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл жақсы бастама, бірақ әлі де жеткіліксіз. Мәселен, “Бәйтерек” холдингі индустриялық жобаларға бағытталған 150 миллиард теңгені бөлуді созып отыр”, – деді Мемлекет басшысы. Осылай дей келе, Президент холдинг басшысы Қуандық Бишімбаевтан: “Бәрі дұрыс деп едің. Мұны қалай түсінуге болады?” – деп сұрады. Өз кезегінде Қ.Бишімбаев: “Біз әлі 150 миллиард теңгені алған жоқпыз. Қыркүйек айында алатын боламыз”, – деп жауап берді. “Ал, онда сен әлі алмасаң, бұл жақта сын айтылып жатыр. Міне, шенеуніктер көп болғанда осылай жұмыс істейді. Маған “150 миллиард теңгені әлі бөліп, таратпай жатыр” деген ақпарат берілді. Ал сен ол қаржыны әлі алмаған да екенсің. Бұл жағдайда, сені қалай сынауға болады?” – деді Мемлекет басшысы. Бұдан кейін Елбасы күн сайын бөлінген қандай да бір қаржы өзінің тиісті жеріне бармаса, онда елдің экономикалық ырғағы төмендейтінін атап өтті. Мемлекет басшысы халықаралық институттармен арада жалпы сомасы 7 миллиард долларға жуық келісімшарттарға қол жет­кі­зілгенін айта келе, 1 қыркүйек­ке дейін 2015 жылы Ұлттық қор­дан бөлінген 500 миллиард теңге транштың екінші бөлігін инвес­тициялауға қатысты нақтылы ұсыныстар енгізуді тапсырды. Екінші кезекте Мемлекет бас­шысы экономиканы әртарап­тандыру Үкіметтің басымдыққа ие жұмысы болып табылатынын атап өтті. “2015-2019 жыл­дар аралығын көздейтін Индус­триялық-инновациялық мем­лекеттік бағдарлама әзірленді және оны бекіттім. Онда екінші бесжылдықтағы өнеркәсіптің басымдыққа ие салалары айқын­далған. Биылғы жылы экономи­каның мұнай-газ және тау-кен метал­лургиясы сынды негізгі сала­ларындағы оң өсім қарқынын қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл ретте, компаниялардың экспортқа шығуларына, тасымалдау үдерістеріне қолдау көрсету керек. Жаңа кен орындарына барлау жүргізу және қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған кен орындарын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстарды бастауымыз керек. Себебі, шетелдік геологтардың жүргізген зерттеулеріне сүйеніп айтар болсақ, Қазақстан өзін­дегі газды, сұйық, қатты мине­рал­дарының қорын еселеп молайту мүмкіндігіне ие”, – деді Президент. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, қазіргі таңда экономика дамуы­ның негізгі көзі қызмет көрсету саласы болып отырғанына тоқталды. Мәселен, бүгінде қызмет көрсету саласының ІЖӨ-дегі көрсеткіші 53 пайызға жеткен екен. “Яғни, қызмет көрсетудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша нақтылы іс-шаралар жүзеге асырылатын елдерде еңбек өнімділігі де арта түседі. Ал біз әлі күнге дейін бұл секторды өзіміздің назарымыздан тыс қалдырып келеміз. Мәселен, туризм саласында ашылған бір жұмыс орны өзінің артынан, мәселен, жеңіл, тамақ өнеркәсібі салаларында және көлік салаларында қосымша жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беретін болады. Бұл орайда, мен Үкіметке жылдың аяғына дейін 2020 жылға дейін қызмет көрсету саласын дамытуға байланысты кешенді бағдарламаны әзірлеп, қабылдауды тапсырамын”, – деді өз сөзінде Елбасы. Қазақстан Президенті отырыс барысында агроөнеркәсіп саласына қатысты жұмыстарға да тоқталып өтті. 2 жыл қатары­нан “Агробизнес – 2020” бағдар­ламасы жүзеге асырылып келеді. Ендігі кезекте бұл саладағы барлық шешімдер, оның ішінде қаржыландыру мәселесіне қа­тысты шешімдер қабылданды. Агроөнеркәсіп кешені саласында ауыл шаруашылығы саласы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу мәселесі айрықша назарды қажет етіп отыр. Біз бұл мәселені әрбір осындай отырыстар сайын айтып келеміз. Бұл, ең алдымен азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін, ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын арттыру үшін қажет. Қазіргі таңда барлық отандық ауылшаруашылық өнімдерінің әрі қарайғы қайта өңдеу үдерісіне жартысынан азы ғана барады екен. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өндірістік қуат орташа есеппен алғанда 30 пайызға ғана орындалып отырғанын тілге тиек ете келе, бұл бағыттағы кейбір жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізді. “Бұған не себеп? Шикізаттың жетіспеушілігі ме, әлде жұмыстың дұрыс жолға қойылмауы ма? Онда біз не үшін жаңа өнеркәсіп орындарын саламыз? Біз ең алдымен, қазіргі қолда бар өнеркәсіптердің тетігін дұрыс іске қосуымыз керек. Ол үшін осындай мәселелердің шешілуін жылдамдатуымыз керек. Себебі, біз өз қолымызбен ауылшаруашылық өнімдерінің қайта өңделуін тежеп отырған жайымыз бар. Мәселен, бізде еттің 30 пайызы, ал сүттің 40 пайызы ғана қайта өңдеуден өтеді екен. Ал көкөніс пен жемістің тек 4 пайыздан астамы ғана. Демек, бізге осындай мәселелерді тез арада шешу керек. Бұл ретте әкімдіктер де ауқымды жұмыстар атқаруы тиіс. Мен осы мәселелердің тез арда шешілуін және оның оң нәтижесін күтетін боламын”, – деді Елбасы. Президент 2016 жылға қарай ірі қара етінің экспортын 60 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отырғанын жеткізді. “Ол үшін біз шетелден көп ірі қара мал сатып алдық. Фермалар құрдық. Оларға қажетті жемшөп орындарын дайындадық. Мәселен, биылғы жылы ет экспортының көлемін 10 мың тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беруіміз керек”, – деді Елбасы. Президент Үкіметтің ауыл­шаруашылық тауарларын өндіру­шілерге субсидия беру тетіктерін өзгертуі қажеттігіне де назар аударды. Мемлекет басшысының атап өтуінше, жыл сайын мемлекеттен ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін субсидия көлемі артып келеді. Мәселен, соңғы бес жылдың ішінде ғана субсидия көлемі екі есеге артқан. “Ал нәтижесі қандай? Алдыңғы қа­тар­лы технологиялар енгізіп, сұ­ра­­нысқа ие ауылшаруашылық өнім­­дерін өндіретін тауар өн­ді­рушілер ғана субсидия алатын­дығын бірнеше мәрте айттым. Сон­дықтан тағы бір мәрте Үкі­метке ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге субсидия беру тетіктерін өзгертуді тапсыра­мын”, – деді Елбасы. Сондай-ақ, Пре­зидент ауылшаруашылық коо­пера­циясына қатысты арнайы заң жобасын әзірлеу қажеттігін жеткізді. Елбасы кеңейтілген отырыс барысында бизнесті жүргізу жағ­дайын жақсарту үшін бірқатар заңдық өзгерістер енгізілгенін, олар өз кезегінде жер учаскелерін рәсімдеу процедураларын, кәсіп­орындарды тіркеуді, кедендік электронды декларацияны енгі­зуді, лицензияны беруді автомат­тандыруды жеңілдетуді қарасты­ратынын атап өтті. “Мемлекет тарапынан соңғы жылдары көп жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта біз бизнесте оң үдерістің байқалуын және оның тарапынан қайтарымның болуын күтуге құқылымыз. Бұл ретте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұдан да тиімді жұмыстар атқарады деген үміттеміз”, – деді Н. Назарбаев. Президент биылғы жылдың желтоқсан айына дейін Үкімет бизнесті қолдау мен дамытуға байланысты бірыңғай бағдарламаны бекіту қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ, Н. Назарбаев Үкіметке 2014 жылдың 1 қазанындағы жағдайға сәйкес шағын және орта бизнес субъектілерінің айып­пұл­дары мен өсімдерін са­лықтық амнистиялауды тапсырды. “Бұған қоса, мемлекеттің эконо­микаға қатысуын қысқарту қажет. Мәселен, “Халықтық IPO” мен жекешелендірудің екінші тол­қынын жүргізуге қатысты бағ­дарламалар “өлі нүктеден” қоз­ғалды. Жекеменшік секторды дамыту және жаңа иелердің пайда болуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Үкімет бұл орайда жекешелендірудің ашық, айқын үдерісін белсенді түрде жүргізуі керек”, – деді Елбасы. Н.Назарбаев өз кезегінде экономиканың бұдан әрі дамуы тиімді қаржылық секторсыз мүмкін еместігін де естен шығармады. Отырыс барысында Елбасы жоғары оқу орындарында білім алу үшін мемлекеттің оқу гранттарына бюджет қоржынынан ауқымды қаржы бөліп отырғанын, алайда кейбір оқу орындарының сапасыз білім беруіне байланысты түлектердің жұмыс таба алмай қиналып қалатынын атап өтті. “Кәсіби білім беру жүйесінде мамандарды дайындаудың құ­ры­лымы мен сапасы еңбек на­рығының талаптарына жауап бере алмайды”, – деді Н.Назарбаев. Бұл орайда Президент осы ба­ғыттағы жұмыстарды одан әрі жүйелі жүргізуді, колледж оқу­шы­ларының өндірістік тәжірибеден міндетті түрде өтуін қамтамасыз ететін дуальды білім беруге қатысты заңдық нормаларды қам­тамасыз етуді тапсырды. Мемлекет басшысы Қа­зақ­станның әлемнің 30 дамыған елінің қатарына қосылуы үшін мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құру қажеттігін де айрықша атап өтті. Бұл ретте Елбасы министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар өздеріне тиесілі міндеттерді өз бетімен шешуді толықтай қажетті деп санамайтынын сынға алды. “Мұны қазіргі таңдағы заңнамалардың әлі де мүлтіксіз болмай отырғандығымен де байланыстыруға болады. Бізде бүгінде еліміздің дамуына қажетті маңызды бағдарламалар қабылданды. Алайда, оларды орындау жағы ақсап жатады. Бізде оперативтілік пен икемділік жоқ. Министрліктерде әлі күнге дейін берілген тапсырмаларды орындау міндеттерді шешудің ең қиын да көп иірімге толы созылмалы жүйесі болып келеді. Соңғы жылдардың өзінде осындай “үдерістердің” салдарынан министрліктер ішіндегі құжаттар айналымы 3-4 есеге дейін артқан”, – деп атап өтті Н. Назарбаев. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, соңғы 10 жылда мемлекеттік қызметкерлердің саны шамамен 8,5 мың адамға артқанына, оның 90 мыңдық көрсеткіштен асып кеткеніне, ал олардың еңбекақысы бюджеттің жыл сайынғы әкімшілік шығынының өсуіне ықпал ететініне тоқталды. “Мұндай “шенеуніктік аппарат” мемлекет қолға алған іс-шараларды жүзеге асыруға тежеу болады және оның тиімділігіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан, әрбір жетекші өзінің аппаратын жетілдіруді ойлауы керек”, – деді Елбасы. Бұл орайда Н. Назарбаев Үкіметті ықшам түрде құру, мемлекеттік аппараттың жұмыс тиімділігін және оперативтілігін арттыру бюрократия мен бос сарсаңды, сөзбұйдаға салынуды қысқартуға ықпал ететінін атап өтті. Мәселен, Елбасы Үкімет отырыстары мен келіссөздерінің нақты күнтізбесін жасау, сол арқылы негізгі жұмыстардың атқарылуына кедергі келтірмеуді ойлау қажеттігіне тоқталды. “Үкімет әрбір аптадағы отырыс­тарда 50-60 қаулы қабылдайды екен. Бұл не нәрсе? Оларды кім және қашан орындайды? Себебі, министрліктер өздеріне жауапкершілікті алғылары келмейді, нәтижесінде, өзінен лауазымы төменде отырған орынбасарларына сілтеп отырады. Бір отырыстан кейін екінші отырыс жалғаса береді. Нәтижесінде, адамдар бір отырыстан шығып, екіншісіне барады. Мұны ретке келтіру керек. Отырыс өткізудің өз күнтізбесі болуы тиіс. Үкіметтегі және министрліктегі барлық жиындар тек сейсенбі күндері ғана болғаны жөн. Ал басқа күндері Үкіметке де, министрліктерге де барудың қажеті жоқ. Адамдарға жұмыс істеуге мұрша беру керек”, – деді бұл орайда Президент. Мемлекет басшысы отырыс, жиын өткізудің нақтылы күнтізбесін жасауды жергілікті билік органдарына да жүктеді. Нұрсұлтан Назарбаев Үкі­меттің министрліктердегі комитет­тер санын оңтайландыруы қажет­тігіне де тоқталды. Мемле­кет басшысының айтуынша, министрлік құрылымында аумақ­тық бөлімшесі бар комитеттер ғана қалуы тиіс. Ал ондай құрылымдары жоқ комитеттер министрліктің департаменті ретінде қайта құ­рылуы қажет. “Осыған орай Үкі­мет­ке осы шешімдерден туын­дайтын барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырамын. Жергілікті өзін-өзі басқаруды ре­формалаудың келесі кезеңінде өзін-өзі басқару органдарының қаржылық-экономикалық дер­бестігі үшін мығым негіз құ­ру­ды қарастыру қажет”, – деді Н.На­зар­баев. Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаев Ми­нистрлер кабинетінің қайта құрылатындығын жария етті. Сонымен, бұған дейін Қазақстан Үкіметінің құрамында 17 минис­трлік, 9 агенттік, 54 комитет, 272 департамент болса, құрылымдаудан кейін 12 министрлік пен 30 комитет қана қалды. Ал барлық 9 агенттік жойылып, комитет түрінде министрліктер қарамағына кірді. “Қазіргі уақытта мемлекетті басқарудың тиімді жүйесін құру талап етіледі. Жинақы Үкімет қажет. Бізге қажеттіден артық шенеунікті отырғызудың еш қажеті жоқ”, – деп түсіндірді Елбасы өз шешімін. Сонымен, Мемлекет басшысы жаңа 5 министрлік құры­ла­тындығын жария етті. “Ұлттық экономика министрлігі – оның құрамына Экономика және бюд­жеттік жоспарлау, Өңірлік даму министрліктері, Статистика, Табиғи монополияларды реттеу, Бә­секелестікті қорғау агенттіктері кіреді. Премьер-Министрдің ұсынысымен бұл ведомствоның басшылығына Ерболат Досаев тағайындалды”, – деді Елбасы. Осыдан кейін Президент Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірігіп, Ден­сау­лық және әлеуметтік даму ми­нистрлігі деп аталатындығын жария етті. “Министрлікке, кеңесе келе, бұған Тамара Дүйсенова жетекшілік етеді деп шештік. Ал Денсаулық сақтау министрі Сали­дат Қайырбековада ешқан­дай мін жоқ, біз тек министр­ліктерді біріктіріп жатырмыз. Егер келіссеңіз, онда министр­дің бірінші орынбасары болып тағайындаласыз, бұрын­ғы жұмыстар ауқымын жалғас­тырасыз”, – деді Н.Назарбаев. Келесі құрылған ведомство – Мәдениет және спорт министрлігі. Оған Мәдениет министрлігінің, Дін істері, Спорт және дене шы­нық­тыру істері агенттіктерінің қыз­меттері мен өкілеттіктері беріледі. Бұл ведомствоға Арыстанбек Мұ­хамедиұлы басшылық жасайды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Индустрия және жаңа технологиялар, Көлік және коммуникация министрліктерінің, Байланыс және ақпарат, Ұлттық ғарыш агенттіктерінің өкілеттіктері бері­ле отырып, Инвестиция және даму жөніндегі министрлік құрылғанын жария етті. Аталған ведомствоға Әсет Исекешев басшылық жасай­тын болады. “Өздеріңіз де жақ­сы білесіздер, ол осы жылдар ішінде жұмыс істеп тәжірибе жи­нақ­тады және жұмысын одан әрі жалғастырады”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасы бұған дейін Көлік және коммуника­ция министрі болған Жеңіс Қа­сым­бек аталған министрліктің бірінші орынбасары қызметіне тағай­ындалғанын атап өтті. Ал бұған дейін Байланыс және ақпарат агенттігінің басшысы болған Асқар Жұмағалиев Әсет Исекешевтің орынбасары қызметіне кіріседі. “Энергетика министрлігі құры­лады. Өйткені, бізде энергетика саласында тәртіпсіздік орын алып отыр. Түсініксіз, мұнай мен газ бір жерде, қатты энергетика келесі жерде, электр энергиясы үшінші, атом энергетикасы төртінші орында. Еш­теңе де түсінбейсің”, – деп атап өткен Мемлекет басшысы энер­гетика саласы бір ортаға шоғыр­ланатындығын баса айтты. Президенттің атап өтуінше, бұл министрлікке Мұнай және газ министрлігі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің энергетика саласына, Қоршаған орта және су ресурстары ми­нистр­лігінің қоршаған ортаны қорғау саласына қатысты қызметтері мен өкілеттіктері беріледі. “Тал­қылап, ойлана келе, бұл саланы, энергетиканы түсінетін Вла­димир Школьникті Энергетика министрі қызметіне тағайындау шешімін қабылдадым”, – деген Н.Назарбаев бұған дейін Мұнай және газ министрі болған Ұзақ­бай Қарабалиннің жаңа министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалғанын айтты. Осы орайда Елбасы Қорша­ған орта және су ресурстары ми­нистрі Нұрлан Қаппаровқа екі бірдей қызмет ұсынды. “Бұл минис­трлікке қоршаған ортаны қорғау мәселелері кіреді. Нұрлан Қап­паров бұл жұмыстарды жақсы жүргізді. Ол өз қалауымен осы министрлікте орынбасар ретінде жұмысын жалғастыра алады немесе мен оған “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясының пре­зиденті болуды ұсынамын. Ше­шіміңді Мәсімовке баян етерсің. Мүмкін қазір айтатын шығарсың”, – деді Елбасы. Өз кезегінде ол атом өнеркәсібі саласында жұ­мыс істеуді қызық­тырақ санай­тын­дығын жеткізді. Сонымен бірге, Төтенше жағ­дайлар министрлігі таратылып, оның қызметі еліміздің Ішкі іс­тер министрлігіне толығымен өтті. Бұл жаңа ведомствоға Ішкі іс­тер министрі Қалмұханбет Қасы­мов басшылық жасайды. Ал министр­лігі таратылған Владимир Божко Ішкі істер вице-министрі болып тағайындалды. Президент қысқаруға ұшыраған ведомстволардың басшылары жұмыссыз қалмайтындығын да атап өтті. “Біріктірілген ми­нис­трліктер, қысқарып жатқан министрлер жұмысына еш кінә жоқ. Үкімет менің тапсырмам бойынша оларды жұмысқа орналастырады. Ал бұрын министр болып, енді орынбасарлыққа тағайындалғандар өздері бұрын атқарып келген қызметтерінің бөлігін жалғастырады”, – деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар, Ел­басы өңірлік даму министрі болған Болат Жәмішевтің Қазақстанның Даму банкі басшылығына тағайын­далатынын атап өтті. Президент қалған министр­ліктердің өкілеттіктері бірқатар өзгерістермен сақталатындығын айтты. Атап айтқанда, Экономика және бюджеттік жоспарлау ми­нистрлігінің бюджеттік жоспарлау саласындағы қызметі Қаржы министрлігіне, Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің балық шаруашылығы, су ресурс­тарын басқару, орман және су қызметтері Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілетін болады. Сонымен бірге, Елбасының тапсырмасына сай Үкімет ми­нистрліктердегі комитеттер санын оңтайландыратын болады. Яғни, министрлік құрылымында аумақтық бөлімшесі бар комитеттер ғана қалуы тиісті. Ал ондай құрылымдары жоқ комитеттер министрліктің департаменті ретінде қайта құрылуы қажет. Айта кетерлігі, Премьер-Ми­нистрдің екі орынбасары бо­лады. Бірінші орынбасар бо­лып Ба­қытжан Сағынтаев қалса, ал адами даму мәселелері жөнін­дегі орынбасары Гүлшара Әб­діқалықова болады. Жиын соңында атқарушы би­ліктің жаңартылған құрамын айқындаған Н.Назарбаев олардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. “Осында отырған баршамыз, сондай-ақ, барлық қазақстандықтар елдің ертеңі үшін жұмыс істесек, сонда ғана мақсатымызға жетеміз. Бағдарламалар бекітілді, тапсырмалар айқын. Енді тек жұ­мыс істеу керек. Ендеше, сәтті­лік тілеймін. Барлық қалған жұмыс­тарды Кәрім Қажымқанұлы тия­нақ­ты түрде қарап шығатын болады. Министрліктер мен ведомство­лардың алдағы мәселесін де шешеді. Үкімет еш кедергісіз жұмыс істеуде тиісті шешімдер қабылдайды деп сенемін”, – деді Мемлекет басшысы. Ақордада өткен кеңейтілген отырыс барысында Н.Назарбаев тұрақтылықтың мәні мен маңызын Украинада қалыптасқан қазіргі ахуалдан әбден байқауға болатынын жеткізді. Мемлекет басшысы әлемдегі құбылмалы жағдайларға байланысты еліміздің жергілікті басқару органдары дайын отыру керектігін ескертті. Әсіресе, қаржылық-экономикалық жағынан қорлар қалыптастырып, қандай жағдай болса да сыр бермей шығатындай, қосымша табыс көздерін қалыптастыру керек. Яғни, сыртқы факторлардың әсерінен әл-ауқатымыз әлсіре­мей­тіндей болуы қажет. Дұрысында, жергілікті жер­лерде халықты жұ­мыспен қамти­тындай өңірлік өндіріс орындарын іске қосып, елді кәсіппен шұғыл­данып, еңбек етуге икемдеу абзал. Мемлекет басшысы әлемді былай қойып, қазіргі күні іргеміздегі ТМД елдерінің өзінде тұрақсыздық орнап тұрғанын жеткізді. “Біз осыны ескеруіміз керек. Елдің әрбір азаматы қазір осыны ойға ала отырып, өзінің болашағы, өз елінің тұрақтылығы үшін еңбек етуге тиіс. Жаһан елдерінен келер жағымсыз әсерге жығыла кетпей, “аяғымызды нық ұстауға” тиіспіз. Соған орай мемлекетіміз барлық тиісті шараларды қолға алуы керек. Мәселен, өзіміз көріп отырғандай, кешелі күндері ғана бейбіт күй кешіп отырған Украина бүгінде берекесіздікке белшесінен батты. Айталық, Украина үкіметінің ресми болжамдарына сүйенсек, ондағы тұрақсыздықтың салдарынан ІЖӨ жылдың соңына дейін 6 пайызға дейін төмендемек. Инфляция 20 пайызға өспек. Ұлттық валюта құнсызданады. Ал мұның бәрі бізді де алаңдатпай қоймайды. Осы жағдайларды тілге тиек еткен Елбасы елімізде өз экономикалық саясатымызды анықтау керектігімізді баса айтты. “Өздеріңізге белгілі, Украина ТМД елдері арасындағы еркін сауда аумағының қатысушысы. Бұл ел – Қазақстанның маңызды әріптестерінің бірі. Бұл елмен бізді ауылшаруашылық саласындағы көптеген қатынастар, сауда-саттық келісімдер, тіпті, оның артында тұрған қаншама адамның тағдыры байланыстырады. Мұның бәрі сөзсіз, біздің елді айтарлықтай алаңдатады”, – деді Президент. Осылай дей келе, Президент өзінің тұрақтылық пен бейбіт­шіліктің ең басты құндылық екенін Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бас­тап айтып келетінін атап өтті. «Біз бірлікті бағалай білген, татулыққа тәу еткен халықпыз. Жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренген елміз. Соның нәтижесінде бүгінгі Қазақ­стан жаңа Қазақстан болып қа­лыптасып, дүниежүзінде үлкен дәрежеге ие болып отыр. Бірлік­ті елдің биігін өзгелер біздің жетіс­тіктерімізге қарап біледі. Бірліксіз жұрттың жағдайын біз басқалардан көріп отырмыз. Тұрақтылықтың мәні мен маңызын Украинаның қазіргі ахуалынан байқауға әбден болады”, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы соңғы жыл­дары бұл елде адамдар еңбек етуді ұмытып, жұрттың барлы­ғы жаппай берекесіздікке бой ұрып, наразылық шеруі сәнге айнал­ғанын баса айтты. “Адамдар митинг­ке күнделікті жұмысқа шығатын­дай болып келетін болды. Оның неге әкеп соққанын өздеріңіз де білесіздер. Ондай тәртіпсіздік қайда апарып соқтырғаны бізге белгілі болып отыр, төңірегіміздегі тәжірибе де жеткілікті. Ел ішінен жау іздеп, бірін-бірі кемсіту еш­қа­шан да ешбір мемлекетті жақ­сы­лыққа апармайды”, – деді Н.Назарбаев. Қазақстан Президенті кезінде одақтас республикалардың ішін­дегі ең қуатты елдердің бірі болып келген Украина қазір соғыс өр­тіне айналғанын, бір елдің азаматтары бір-біріне оқ атып, күн сайын бейбіт тұрғындардың қаны төгіліп жатқанын атап өтті. “Мемлекеттің дамуы, Украинаның дамуы ондаған жылға артқа қарай кетті. Қазынасы қаңырап, өндірістері тоқтап қалды. Жүздеген әлеуметтік нысан іске алғысыз болып, қиратылды. Тұ­ра­лаған экономиканы қайта қалпына келтіруге ондаған жылдар керек”, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы Қазақ­станның Украинадағы қарапайым жұрттың қасірет-қайғысына жаны ашитынын айтты. “Біз қақты­ғысушы жақтардың бәрін келіс­сөзге келіп, сенім мен ашық диалог негізінде, әсіресе, әйелдер мен балаларға зардабы тиіп жатқан қан­төгісті тоқтату үшін өзара қолайлы шешімнің жолын іздеуге шақырамыз. Бұдан басқа, ақылға қонымды баламалы жол жоқ деп санаймын. Мен өз тарапымнан мүмкіндігіне қарай атсалыса­мын және қолдан келгеннің бәрін жа­сай­мын”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент біздің еліміздің мемлекеттік органдары мен қоғам­дық институттарының мұндай жағдайдағы басты мін­деті бей­біт­шілікті, келісімді, тыныш­тық­ты және елдегі қауіпсіздікті сақ­тау екендігіне тоқталды. “Барды ба­ғалап, құндылықты қадір­леу – әрбір азаматтың міндеті. Ел бірлігі – ең асыл қазына, ең асыл қасиет. Осы қасиетті қазы­наны көздің қарашығындай сақ­тау – тұ­тас қазақтың, барлық қазақ­стан­дықтардың алдында тұрған ұлы парыз. “Қазақстан – 2050”-дің биі­гіне көтеріліп, Мәңгілік Ел болу жолында халқымыз бүгінгі бағы­тын жалғастыра беретін болады. Әрбір азамат елдің өркендеуі үшін жұмыс істеуі керек. Сонда ғана біз мақсатымызға жетеміз, елдің жағдайын жақсартамыз”, – деді Елбасы. Н.Назарбаев, сондай-ақ, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтардың, үкіметтік емес ұйымдардың бір­лігін нығайтуды жалғастыру жә­не барлық бұқаралық ақпарат құ­рал­дарының жұмысын мемлекет пен халықтың жалпы игілігі үшін бағыттау маңызды болып отыр­ғанын атап өтті. “Нұр Отан” партиясы, әсіресе, жергілікті жерлерде орын алып отырған проблемаларды шешу үшін ел тұрғындарымен жүргізілетін жұмысты күшейтуі керек. Біз әрқашан жастарды толеранттылық, өз еліне деген сенімділік рухында тәрбиеледік. Елдің бәрін, ең алдымен, жастарды “Қазақстан – 2050” Стратегиясында белгіленген мақсаттарға жетуге арналған жұмыстарға тарту керек. ХХІ ғасырдың ортасына дейін біз алға қойған тарихи мақсат төңірегінде топтасқан біртұтас халық қана өз миссиясын орындай алады”, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы. (“Егемен Қазақстан”, 2014 жылғы 7 тамыз).

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.