ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ КӘСІПОРЫНДАРЫ “ТЕҢІЗШЕВРОЙЛДЫ” ҚЫЗЫҚТЫРДЫ

“Теңізшевройл” ЖШС-нің бір топ қызметкері жұмыс сапарымен өңірімізге келді. Серіктестіктің бас директоры Тим Миллер

бастап келген делегация облыс әкімі Ерік Сұлтановпен кездесті, одан кейін облыс орталығындағы машина жасау бағытында жұмыс істеп жатқан бірнеше ірі өндіріс орындарында болды.

Естеріңізге сала кетсек, “Теңізшевройл” ЖШС-і 1993 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен америкалық “Шеврон” корпорациясының арасында жасалған келісімнің нәтижесінде құрылған болатын. 21 жылғы тарихында бұл компания Қазақстанның экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар зауыты мұнай мен газ өнеркәсібі саласына қажетті құрылғылар мен олардың қосалқы бөлшектерін жасайтындығынан хабардар компания біздің кәсіпкерлермен тығыз іскерлік байланыс орнатуды мақсат етіп отыр.

Кездесу барысында өңір басшысы Ерік Сұлтанов пен серіктестіктің бас директоры Тим Миллер бұл күнгі шара Солтүстік Қазақстан облысы мен іргелі компания үшін алғашқы қадам екендігіне келісіп, болашақта екі жаққа да тиімді болатындай талай іскерлік әрекеттердің жүзеге асатынына сенім білдірді. Өз кезегінде директор Қазақстан-Америка компаниясының тыныс-тіршілігі туралы қысқаша баяндап, кәсіпорын тарихында қол жеткізілген жетістіктер мен алдағы жоспарлары және одан қазақстандықтардың көретін пайдасы туралы ойымен бөлісті. Ол өз сөзінде “Теңізшевройл” ЖШС-нің мұнай және газ саласының әлемдік нарығында қауіпсіздікті, тиімділікті, табыстылықты мақсат ететін кәсіпорын екендігін мақтан етті. Серіктестік 2013 жылы қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алуда және қызметтерін пайдалануда ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген, яғни олар бұл бағытқа 2,3 миллиард теңге қаржы жұмсаған.

Серіктестіктің қатардағы еңбеккерлерінің 87 пайызы, ал басшылық құрамының 76 пайызы қазақстандықтар делінді. Сондай-ақ, олар еліміздегі көптеген ірі компаниялармен ынтымақтастық орнатқан. Өткен 21 жылда бұл компания Қазақстанның қаржы нарығына 97 миллион АҚШ доллары көлемінде төлемақы жасаған. Оның ішінде қызметкерлердің жалақылары, қазақстандық тауар және қызметтерді сатып алу, мемлекеттік мекемелерге төленген тарифтер мен салық, қазақстандық акционерлерге берілген табыс үлесі бар. Өндіріс пен өнімді, іскерлік байланыстарды бұдан да ауқымды етуді көздейтін кәсіпорын бүгіннің өзінде Қазақстан бюджетіне аударылатын төлем мөлшерін арттыруға қауқарлы екендігін жеткізді.

Мұнай мен газ өндіруші компанияның қоршаған ортаға тигізетін әсерін жоққа шығара алмаймыз. Мұны төмендету мақсатында уақтылы тиісті шаралар қолданып отыратындықтарын да сөз өтті.

Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпорындарымен іскерлік байланыс орнатуды көздеген “Теңізшевройл” ЖШС-нің бір топ әкімшілік тұлғалары “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ мен “Көпсалалы құрал-жабдықтар зауыты” ЖШС-нің өндіріс алаңдарында болып, аталмыш кәсіпорындардың жұмыс бағыты, өнімділік қуаттылығы және техникалық мүмкіндіктері жайында кең ақпарат алды. Қазақстан-Америка бірлескен кәсіпорны басшыларын солтүстікқазақстандық зауыттарда жасалатын мұнай және газ өңдеу салаларына қажетті құрал-жабдықтар мен қосалқы тетіктер қызықтырып отыр. Мәселен, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” – еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі. Онда мұнай өңдеу саласына қажетті құрал-жабдықтардың біразы жасалады. Зауыттың өнімдері шетел нарығына да танымал.

“Теңізшевройл” серіктестігінің бас директоры Тим Миллер аталмыш кәсіпорынның жұмысымен танысып, зауыттың ұжымымен дидарласты. Делегация басшысы машина жасау саласымен айналысып отырған зауыттың өндірістік қуаттылығына көңілі толып, тағы да қосымша тапсырыстарға ешқандай қиындық болмайтынына көз жеткізді. Қонақтар мұнайшыларға қажетті құрал-жабдықтардың жасалу технологиясы мен сапасын жоғары бағалап, болашақта бұл зауытпен келісімшарт жасайтындарын мәлім етті. Екіжақты іскерлік байланыс орнаған кезде зауыт үшін атқарылатын жұмыс пен тапсырыстар ауқымды болатынына сендірді. Өз кезегінде зауыт әкімшілігі ірі компания қандай тапсырыс берсе де, оны орындауға қауқарлы екендерін білдірді.

Қонақтардың ат басын тіреген екінші нысаны петропавлдық “Көпсалалы құрал-жабдықтар зауыты” ЖШС-і болды. 1999 жылдан бері жұмыс істеп жатқан зауыт жерасты пайдалы қазбаларын алу үшін қажетті бұрғылау тетіктерін шығарады. Кәсіпорын 2011 жылдан бастап өз өнімдерін көрші Ресей мемлекетіне де шығара бастаған. Болашақта серіктестік мұнай өңдеу саласына қажетті құрал-жабдықтарды құрастырумен айналысуды да жоспарлап отырған көрінеді. Ондай өнімдерге сұраныс болатынына алғашқылардың бірі болып ниет білдірген “Теңізшевройл” серіктестігі болды.

Екі күндік іссапармен келген теңізшевройлдықтар өңіріміздегі машина жасау саласының бірнеше кәсіпорнында болып, өз компанияларының жұмысын одан әрі жандандыруға негізделген жоспарлы әрекеттерін жүзеге асырудың тиімді жолдарын бақылап, солтүстікқазақстандық бірнеше кәсіпкермен іскерлік байланыс орнатуға қол алысып кетті.

 

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”,

Аманжол НҰРТАЗИН,

журналист.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.