Сіз мындасыз: Home БІЛІМ БЕРУ ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті – Қазақстандағы байырғы білім ордаларының бірі.

Оның беделі қазақстандық жоғары оқу орындарымен қатар, әлемдік білім беру кеңістігінде де жыл санап өсуде. Бүгінгі күні университеттің инженерлік-техникалық факультетінде техникалық бейіндегі білікті мамандар даярлануда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында атап көрсеткеніндей, кәсіптік-техникалық және жоғары білім беру ұйымдары ең алдымен ағымдағы және болашақтағы ұлттық экономикаға қажетті мамандықтарды барынша қанағаттандыруға бағытталуы керек. Осы міндетті жүзеге асыруға Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің инженерлік-техникалық факультеті сүбелі үлес қосуда.

Онда көлік, құрылыс, радиоэлектроника және телекоммуникация, машина жасау, стандарттау, электроэнергетика, прибор жасау, сәулет және графикалық дизайн сияқты еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша техника және технология бакалаврлары даярланады. Сонымен қатар, магистратура мен PhD докторантурада үздіксіз білім алуға жағдай жасалған.

Инженерлік-техникалық факультет көптілде білім беру бойынша белсенді дамып келеді. Ғылым мен техниканың (телекоммуникациялық және ақпараттық технологиялар, нанотехнология, энергия үнемдеу технологиясы, табиғатты тиімді пайдалану технологиясы) басым бағыттарын ескере отырып, заманға сай білім бағдарламалары әзірленіп, қолданысқа енгізілуде. Сондай-ақ, жоғары оқу орнындағы бүгінгі таңда қолданыста бар оқыту әдістемелері мен жағдайларды әлемдік тәжірибеге сәйкестендіру бағыттарында жұмыс жүргізілуде.

Қазақстанның халықаралық білім беру жүйесіне интеграциялануы аясында факультет бакалавриат және магистратураның “Электроэнергетика” және “Прибор жасау” мамандықтары бойынша немістің ASIIN аккредитациялау агенттігінде халықаралық білім беру сынағынан өтті. Қауымдастық аккредитация қорытындысы бойынша инженерлік білім беруге EUR-ACE еуропалық сапа белгісін берді. Бакалавриат және магистратура білім беру бағдарламаларының “Радиотехника, электроника және телекоммуникация” мамандықтары бойынша халықаралық аккредитациясы 2013-2014 жылдары, биылғы жылы бакалавриат бағдарламасының “Машина жасау”, “Стандарттау, сертификаттау және метрология”, магистратураның “Прибор жасау”, “Машина жасау”, “Стандарттау және сертификаттау” мамандықтары бойынша арнайы аккредитациялау сәтті өтті.

Білім бағдарламаларын халықаралық аккредитациялау инженерлік-техникалық факультет түлектеріне шетелдік компанияларға жұмысқа жалданған кезде айтарлықтай басымдық береді және олар шетел университеттерінде жоғары оқу орнынан кейінгі даярлықтан жеңілдетілген конкурс арқылы өтуге құқылы.

Аккредитация сапаны бағалаудың кең тараған түрі болып табылады және әлемнің көптеген елдерінде сапаның дамуы мен қамтамасыз етілуін растайды. Еуропа, АҚШ және әлемнің басқа да елдерінде аккредитация білім беру мекемелеріне оқу бағдарламаларын жүзеге асыруға құқық беретін сыртқы бағалаудың негізі саналады. Тиісінше осындай бағалау нәтижесі мамандар даярлау сапасы мен институционалдық рейтингтің көтерілуіне ықпал етіп, жоғары оқу орны білім нарығында кез келген бәсекеге төтеп бере алады.

Факультетте ғылыми жұмысқа ерекше назар аударылады. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары білікті мамандар даярлау жүйесінің маңызды бөлігі ретінде қарастырылады. Инженерлік-техникалық факультеттің оқытушылары, студенттері мен магистранттары еліміздің ғылымын дамытудың өзекті және басым бағыттары бойынша ғылыми зерттеулерді белсенді түрде жүргізеді. Атап айтсақ, прибор жасау, байланыс құралдары, энергетика, көлік, машина жасау, құрылыс және дизайн салаларында зерттеулер жақсы жолға қойылған.

Қазіргі таңда факультетте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің гранты бойынша негізгі және қолданбалы бағыттар жөнінде бастамашыл зерттеулер жүргізілуде. Білім алушылар мен профессорлық-педагогикалық құрамның зерттеулерінің нәтижелері басылым беттерінде жарияланып, магистрлік, дипломдық жұмыстарда пайдаланылады. Оларды оқу үдерісі мен өндіріске енгізу арқылы студенттердің өнертапқыштық және зерттеу дағдылары дамиды. Оқытушылар ғылыми еңбектері мен монографияларын, оқулықтарын, оқу-әдістемелік құралдарын шығарып, зерттеулеріне инновациялық патенттер рәсімдеуде. Ғылыми эксперименттер мен сабақтар жүргізген кезде осызаманғы бағдарламалық өнімдер – Multisim, OrCAD, Prjteus, Pro Technologies, LabVIEW, КОМПАС-3d, AutoCAD, ProEngineer, тағы басқалар пайдаланылуы да білім ошағынан бәсекеге қабілетті түлектер ұшып шығатынын айғақтайды.

Университетте құрылыс, сурет шеберханасы, дәнекерлеу, құю өндірісі, кесу теориясы, инжекторлық қозғалтқышты басқару жүйесі, компьютерлік математика және электрондық модельдеу, радиотехникалық және телекоммуникациялық жүйелер мен қондырғылар, тағы басқа да ғылыми зерттеулер мен сабақтар өткізетін зертханалар бар.

Инженерлік-техникалық факультеттің студенттері мен магистранттары жыл сайын республикалық және халықаралық ғылыми-зерттеу жұмыстары конкурстарына, дипломдық жобалар байқауларына, мамандықтар бойынша пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Мәселен, Стамбул қаласында өткен Еуразияның сәулет-құрылыс және дизайнерлік мектебінің ІІІ халықаралық фестивалінде “Құрылыс” мамандығының түлектерінің дипломдық жұмысы “Ғимараттар мен имараттарды жобалау және есептеу” аталымы бойынша екінші және үшінші орындарды иеленді. Бұл фестивальға әлемнің 17 елінің, соның ішінде Қазақстанның жоғары оқу орындарының 5 өкілі қатысты.

Факультетте “Жас радиоинженер” және “КОМПАС-3d жүйесіндегі үшөлшемді модельдеу” үйірмелері жұмыс істейді. Әл-Фараби мектеп-лицейі, қалалық классикалық гимназия, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 10-11-сынып оқушылары факультетіміздің профессорлық-педагогикалық құрамымен бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл оқушылар да ғылыми жобалар жазып, республикалық, халықаралық деңгейдегі конкурстарға қатысып, жүлделер иеленуде. Үстіміздегі жылы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында өткен В.И.Вернадский атындағы жасөспірімдердің зерттеу жұмыстарының жалпыресейлік ашық конкурсына Петропавл қаласы мектептерінен үш оқушының жұмысы жіберіліп, жүлдегер атанды.

“Энергетика және радиоэлектроника” кафедрасында Тунис және Словения студенттері сынақтан өтіп жүр. Студенттердің академиялық ұтқырлық аясында біздің университетті таңдаулары ондағы білім беру бағдарламаларының бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші болып табылады. Біздің инженерлік-техникалық факультет түлектері де шетелдердің магистратураларына түсіп, оқуларын одан әрі жетілдіруде. Біздің техникалық мамандықтар түлектері Қазақстан және шетелдердің еңбек нарығында сұранысқа ие.

Райхан ИМАМБАЕВА,

Манаш Қозыбаев атындағы

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

инженерлік-техникалық факультетінің деканы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.