СҮҢГУІР

Өзен-көлдің тереңіне бойлап, ұзақ уақыт іздегенінен үміт үзген сәт сүңгуір-құтқарушыға әр кез ауыр тиеді.

Әрі іздегені ажалы судан келген адамның жансыз денесі болғаны қинайды. Әттең, қармайтын талы болмай, толқындарға тұншыққан адамның жанынан дер кезінде табылғанда ғой... III разрядтағы сүңгуір-құтқарушы Андрей Морозовтың және өзі сияқты 17 әріптесінің үміт пен күдікке толы күнделікті қызметі осылай өтіп жатыр.

Облыс бойынша суда құтқару қызметімен айналысатын құрылымда барлығы 28 сүңгуір болса, олардың 18-і – сүңгуір-құтқарушылар. Сайдың тасындай іріктелген жігіттер төтенше жағдай орнына “Жедел жәрдемнен” де бұрын жетеді. Өңірдегі 3,5 мыңнан астам көл, өзен, су қоймалары, 25 демалыс орны мен жағажайлар, 18 сауықтыру лагері суда құтқару қызметінің жіті бақылауында. Құрылым басшысы Виктор Держанскийдің айтуынша, жыл басынан бері құтқарушылар өмір мен өлім арасында арпалысқан 77 адамды аман алып қалыпты. Өкінішке қарай өңірдің әр тұрғынын қауіп-қатерден сақтауда, әр кез апаттың алдын алу мүмкін емес. 2013 жылы суға батып кеткен 39 адамның 5-еуі бала болса, биылғы жылдың алты айында ғана 28 адам ажалын судан тапқан. Олардың екеуі – бүлдіршін. Есептеп қарасақ, үш жылдың ішінде 150-ден астам солтүстікқазақстандықтың өмірін су жалмаған екен.

Құтқарушының жұмысы – тәуліктік кезекшілікпен шектелмейді. Оның арасында дене шынықтыру дайындығы, нормативтерді тапсыру, “дабыл” бойынша жаттығу жиындары өткізіледі. Жалпы құтқару отрядына қызметке орналасу оңай емес. Алғашқы дайындық жаттығуларынан кейін үміткерлер қатары бірден сирейді. Кейбіреулердің райынан қайтуы үшін ұзақ уақыт бойы судың астында жатқан мәйітті көру жеткілікті.

Сүңгуір-құтқарушы – ерекше батылдыққа ие адамдардың кәсібі. Судың астында заттарды бірнеше мәрте ұлғайтатын сүңгуір костюмінің терезесі арқылы суға батып кеткен адамның кескінін көруге екінің бірінің жүрегі дауалай бермейді. Су қоймаларының асты темір-терсектерге, қоқыстар мен түрлі қалдықтарға толы екені де тек соларға мәлім. Сондықтан сүңгіген сайын сүңгуірге төнетін қауіп-қатер бөлек әңгіме. Су асты әлемінде жан тыныштығын тапқан адамның мәйітін тауып, оны сыртқа шығарған сәттерді Андрей бірден ұмытуға тырысады. Өйткені, құтқарушы көңілін қорқыныш сезімі жайласа, өз кәсібін ауыстырмасқа амалы жоқ. Әйтсе де күн сайын жолығатын қиындықтарды жадынан біржолата жою мүмкін емес...

Мамлют ауданы Чистое аулында туған Андрей Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін достарының үгіттеуімен 2005 жылы сүңгуір-құтқарушы курсынан өтіп, суда құтқару қызметіне жұмысқа орналасады. Кейін жыл сайын Қапшағай қаласында халықаралық сайыстарға қатысып, Өскеменде орын алған тасқынның алдын алу және құтқару жұмыстарында белсенділік таныту арқылы тәжірибесін толықтыра түседі.

Сол уақыттан бері он жыл өткен екен. Жылыстаған жылдар ішінде көптеген адамның өмірін құтқарып, талайдың жансыз денесін тұңғиық тереңінен алып шығыпты. Алғашқы құтқарған адамы есінде жоқ. Жыл түгілі бір айдың ішінде құтқарған адам санынан да жаңылысқан. Ал естен кетпес оқиғалар көз алдында. Солардың бірі жақында орын алыпты. Есіл бойындағы қалалық жағажайда 3 жастағы баласы бар ата-ана жай-барақат күнге қыздырынып отырған. Жандарында ойнап жүрген бүлдіршін бір уақытта өзен тереңіне қойып кетіп, бата бастайды. Ата-ана бейғам отыра берген. Осы уақытта демалушылардың қауіпсіздігін бақылап, жағалауда жүрген Андрей баланың су бетінде жанұшырып, көмекке шақырып жатқанын көреді де, бірден суға қойып кетіп, сәбиді құтқарып қалады. Алғашқы көмектен кейін есін жиған баланы әке-шешесіне әкелген құтқарушы бүлдіршіннің батып кете жаздағанын айтып, абай болуларын өтінгенде, “Не істерімізді өзіміз шешеміз” деген жауап естиді. Алғыстың орнына түксиген қабақ астынан айтылған сөздер Андрей үшін соншалықты маңызды да емес еді. Ең бастысы, бүлдіршінді ажал аузынан аман алып қалды.

Маусым айында ғана облыс орталығындағы жағажайда батып бара жатқан 2003 жылы туған Данил Хладковты, Есіл өзенін жүзіп өтпек болған 20 жастағы Виктор Телешконы, малту кезінде аяғының сіңірі тартып қалған 25-тегі Алмас Тоқтарбаев есімді жастарды да Андрей Морозов жағалауға дін аман жеткізеді. Адам өз жанының қадірін жете түсінген бе?! Тіпті, бес минут бұрын өлім аузында тұрса да, сүңгуірдің арқасында жағалауға жеткен соң үсті-бастарын қағып-сілкіп, өз жөнімен кете беретін жандар да кездеседі екен. Құтқарушылар адамдардың алғысына да, алатын айлығына да жарып жүрмесе де, осы міндетті абыройлы атқаруға бар жанын салатынына не дерсіз?!

– Ішімдіктің буымен суға түсудің, жағалаудан алысқа ұзап кетудің, балаларды қараусыз қалдырудың салдарынан орны толмас оқиғалар жылда қайталанады. Ақыл тоқтатар жастағы ересектердің әрекеттеріне ашынасың. Жүзе алмайтын естиярлар мен балалар матрас үстіне мініп алып, ағыспен алысқа ұзап кетеді. Кейде сол матрас аударылып немесе желі шығып, оның үстіндегі адамдар суға бата бастайды. Балықшылар да өз салғырттықтарының салдарынан мерт болып жатады, – дейді Андрей.

Құтқарушы әр секундтың қадірін түсінеді. Адам суға кете бастаған уақыттан оны шығарып алғанға дейінгі аралық жеті минуттан аспаған болса, оны ажалдан арашалап қалуға болады. Ал қарбалас сәт осы уақыттан сәл асып кетсе, адамды құтқаруға мүмкін болғанымен, оның ми жасушалары зақымдалып, кейін адамның психикасында ауытқулар болуы мүмкін. Сол себепті сүңгуір-құтқарушыға арнайы киімін киіп, өзімен акваланг, баллон сияқты қажетті құралдарын алып үлгеруге берер уақыт өте аз.

Жауапкершілік жүгі мол кәсіптің күнгейі мен көлеңкесін таразылап көрдік. Маманның басына күн сайын төнетін қауіп-қатер мен ай соңында алатын болмашы еңбекақыны кәсіптің кемшін тұсына жатқыздық. Ал риясыз еңбектің оң жақтарын сұрағанымда, Андрей: “Жұмысыма деген шексіз махаббатым және екінші отбасыма айналған әріптестерім өмірімнің мәні”, – деген жауаппен қысқа қайырды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.